Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Қарағандыда 3D-басып шығару стартапы өнеркәсіп пен медицинаға бөлшектер шығара бастады
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 17 ақпан, 2026 | 13:54
1 мин. - оқу уақыты

Қарағандыда 3D-басып шығару стартапы өнеркәсіп пен медицинаға бөлшектер шығара бастады

Аддитивті технологиялар кәсіпорындарға өндірісті жедел қалпына келтіруге, шығынды азайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда 3D-басып шығару технологиясын қолданатын стартап өнеркәсіптік жабдықтарға қосалқы бөлшектер, банкомат тетіктері және медициналық операцияларға қажетті элементтер әзірлеуде, деп хабарлайды QazMonitor. Аддитивті технологиялар кәсіпорындарға өндірістік үдерістерді жылдам қалпына келтіруге, шығындарды қысқартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады.

Аддитивті технологиялар орталығын резеңке-техникалық бұйымдар өндіруге маманданған компания құрған. Мұнда жаңа бөлшекті жасау ғана емес, зақымданған элементті қайта жаңғырту да мүмкін. Тіпті сызбасы сақталмаған бөлшекті де цифрлық форматқа көшіру арқылы реверс-инжиниринг әдісімен полимер, резеңке немесе силиконнан шығару мүмкіндігі бар.

«Бізді өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін «жедел жәрдем» деп атауға болады. Өндірісте қандай да бір бөлшек істен шықса, жаңа қосалқы бөлшекті қысқа мерзімде дайындаймыз немесе қолданыстағысын күшейтеміз», – дейді «Транзит» ЖШС (Teleport 3D) директоры Данил Ращупкин.

Кәсіпорынның өндірістік базасында лазерлік қондырғы, сандық басқару станоктары (CNC) және оннан астам өнеркәсіптік 3D-принтер жұмыс істейді. Бұл техникалық мүмкіндіктер шестернялар мен тығыздағыштардан бастап күрделі механизмдерге арналған құрамдас бөлшектерге дейін кең ауқымды өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Тапсырыстар әртүрлі салалардан түсуде. Мамандар өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасына арналған сүзгіні жетілдірді. Сонымен қатар кәсіпорын банкоматтарға қажетті жиынтық бөлшектерді, соның ішінде қысқыш роликтерді шығарады. Бұл аддитивті шешімдердің тек тар индустриялық бағытпен шектелмей, салааралық нарық қалыптастыра бастағанын көрсетеді.

Технологиялар медицинада да тиімділігін дәлелдеді. Мамандар хирург-стоматологтарға күрделі операцияға дайындық барысында қолдау көрсетті. Олар компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) деректері негізінде жасөспірімнің жақ сүйегінің 3D-моделін әзірледі.

«Медициналық мәліметтерді өз жүйеміз арқылы өңдеп, операцияда пайдаланылатын арнайы шаблон жасадық. Бұл аса жауапты әрі күрделі жұмыс болды», – дейді аддитивті технологиялар бөлімінің жетекшісі Владислав Шулаев.

Команда 3D-инженерлерге арналған көптілді чат-бот та әзірлеген. Жасанды интеллект негізіндегі Ника ассистенті аддитивті технологиялармен жұмыс кезінде мамандарға жедел кеңес беріп, өндірістік міндеттерді тиімді шешуге көмектеседі.

Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, технологиялық шешімдер желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Осылайша ол Қазақстандағы 3D-технологиялар нарығында жетекші ойыншылардың біріне айналуды көздейді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.