Павлодардағы Инновациялық Еуразия университеті базасында Қытайдан келген студенттер тілдік тағылымдамадан өтуде. Бағдарлама аясында Сиань қаласындағы Xijing University оқу орнының үш студенті бес ай бойы қазақ және орыс тілдерін тереңдетіп оқиды, деп хабарлайды QazMonitor.
Студенттер «Қытай филологиясы» мамандығында білім алады. Олардың бірі – төртінші курс, екеуі – екінші және үшінші курс студенттері. Тағылымдама академиялық алмасу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Қатысушылар университет жатақханасына орналастырылып, оқу үдерісіне кірісті. Бағдарлама тек тілдік құзыреттілікті арттыруды ғана емес, Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен дәстүрін танып-білуге бағытталған.
Сонымен қатар студенттер мәдени-танымдық іс-шараларға қатысып, университеттің студенттік өмірімен танысады.
ЖОО өкілдерінің мәліметінше, бұл жоба Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық ұтқырлықты дамытуға ықпал етеді.