Қарағандыда қазақ тілінде еркін сөйлеуді қалайтындарға арналған «Қазақша сөйле» тілдік клубы жұмыс істеп тұр. Жоба тіл деңгейіне қарамастан барлық ниет білдірушілерге ашық және тегін форматта өтеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Жұмысын былтыр бастаған клубтың негізгі аудиториясы - қазақ тілін түсінгенімен, ауызша сөйлеуде қиналатындар және жаңадан үйреніп жүргендер. Қатысушылар қатарында 20-40 жас аралығындағы студенттер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, мұғалімдер мен жекеменшік сектор мамандары бар.
Сабақтар дәстүрлі тіл курстарынан өзгеше форматта өтеді: мұнда грамматика жаттауға емес, сөйлеу тәжірибесіне басымдық беріледі. Кездесулер еркін әңгімелесу, тақырыптық талқылау, рөлдік ойындар және тұрмыстық жағдайларды талдау форматында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар сөздік қоры шектеулі болса да.алғашқы сабақтан бастап-ақ сөйлей бастайды.
Жоба Қарағанды әкімдігіне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының бастамасымен жүзеге асуда. Клубтың басты мақсаты - тілдік орта құрып, психологиялық кедергіні жою.
Орталық директоры Эльмира Сайлауқызының айтуынша, тұрақты қатысушылар арасында айтарлықтай нәтиже бар. Кейбірі бастапқыда қазақ тілін мүлдем білмесе де, бірнеше ай ішінде күнделікті тақырыптарда еркін сөйлесуге жеткен.
Алдағы уақытта клуб онлайн-кездесулерді іске қосып, сөйлесу интенсивтерін өткізу, ұйымдармен серіктестік орнату және ашық іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.