Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Зиянды қалдықтар 40 есе азаяды: Қазақстандық ғалымдардың жаңа жетістігі
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 14 сәуір, 2026 | 09:39
1 мин. - оқу уақыты

Зиянды қалдықтар 40 есе азаяды: Қазақстандық ғалымдардың жаңа жетістігі

Жаңа технология Қазақстанның бірқатар қаласында қолданылып жатыр

gov.kz
gov.kz

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін жаңа газ тазарту технологиясын әзірледі, деп хабарлайды QazMonitor.

Зерттеу нәтижесінде енгізілген шешім өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды заттардың көлемін ондаған есе төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жобаны өндірісте енгізу жұмыстары Ақтөбе, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы бірқатар өнеркәсіптік нысандарда жүргізіліп жатыр. Әзірленген технология металлургия, энергетика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларына бейімделген. Сонымен қатар экологиялық шешімдер елдегі бірқатар өндірістік нысандарында қолданылып келеді.

Мәселен, технология Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қолданылғаннан кейін өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды компоненттердің мөлшері шамамен қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Нәтижесінде атмосфераға тарайтын өндірістік шаң мен газдардың басым бөлігі сүзгіден өткізіліп, ауаға әлдеқайда тазартылған күйде шығарылады. Бұл өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жүктемесін төмендетуге және қоршаған ортаны қорғау талаптарын орындауға ықпал етеді.

Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның импортты алмастыратын отандық технология ретінде жүзеге асырылуы. Бұған дейін мұндай газ тазарту жүйелері көбіне шетелден жеткізілетін. Жаңа әзірлеме Қазақстан кәсіпорындарына дәл сондай тиімді жабдықты отандық ғылыми және инженерлік әлеует негізінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Ғалымдар мұндай нәтижеге сүзгі-қаптарды жаңаша регенерациялау жүйесін енгізу арқылы қол жеткізген. Аталған технология сүзгі материалын қорғауға, тазарту тиімділігін арттыруға және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе өндірістік процестің тұрақтылығын сақтауға бағытталған инженерлік шешімдермен толықтырылған.

Зерттеу жұмыстарына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жетекші ғалымдары қатысып жатыр. Атап айтқанда, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Иманғазин, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитова және коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұханов жобаның ғылыми және технологиялық бағытын үйлестіреді. Жоба экологиялық қауіпсіздік талаптарына және «жасыл» технология қағидаттарына сәйкес келеді.

Айта кетейік, жоба 350 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болған. Сонымен қатар өнеркәсіптік серіктес тарапынан 123 млн теңгеден астам инвестиция тартылған. Екі жыл ішінде жалпы құны шамамен 380 млн теңгені құрайтын газ тазарту жабдықтары әзірленіп, өндірісте қолданылып келеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.