Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстандық ғалымдар пестицидтерді жедел анықтаудың әдісін ойлап тапты
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 13 желтоқсан, 2025 | 10:41
1 минут - оқу уақыты

Қазақстандық ғалымдар пестицидтерді жедел анықтаудың әдісін ойлап тапты

Сенсорларды өнім сапасын бақылауда қолдануға болады

gov.kz
gov.kz

Абай университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі қауіпті пестицид қалдықтарын жоғары дәлдікпен және жедел анықтайтын жаңа буын электрохимиялық сенсорларды әзірледі. 2023 жылы басталған жобаны Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырған.

Ғалымдар екі жыл бойы әртүрлі сенсор үлгісін жасап, пестицидтерді жылдам анықтаудың жолын тапты. Атап айтқанда жаңа сенсорлар MWCNTs-AuNPs негізіндегі шыны көміртекті электродтар, SiC-CDC-CS материалдарымен жасалған экранды басып шығарылған электродтар және өткізгіш наноматериалдармен модификацияланған икемді сенсорларды қамтиды. Олар DDVP және паратион сияқты ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын, бірақ адам денсаулығына қауіпті пестицидтердің қалдық мөлшерін анықтай алады. Сенсорлардың жұмыс диапазоны 0,01-100 микромоль, анықтау шегі 0,001-0,005 микромоль деңгейінде. Әрекет ету уақыты 30-60 секунд шамасында.

Ғалымдардың айтуынша, бұл сенсорлар қолжетімді бағада, экологиялық таза материалдардан жасалған және өндірістік ауқымға енгізуге қолайлы, сонымен қатар шығынды 20-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды аспектілерінің бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастық. Университеттің жас зерттеушілері Оңтүстік Қытай технологиялық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, электрохимиялық өлшеулерді орындау және нәтижелерді талдау бойынша тәжірибе жинақтады. Бірлескен зерттеу сенсор технологиялары бойынша жаңа ғылыми деректер алуға және жобаның тиімділігін арттырды.

«Біздің зерттеу жобамыздың маңызды бағыттарының бірі халықаралық ғылыми орталықтармен тұрақты байланыс орнату болды. Магистранттар мен докторанттар әлемдік деңгейдегі зертханаларда жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын дамытты. Бірлескен ғылыми жұмыстар нәтижесінде электрохимиялық сенсорлар саласында жаңа маңызды деректер алынды. Бұл – қазақстандық ғылымның мүмкіндігін көрсететін үлкен жетістік», – деді жоба жетекшісі Рыскүл Бақыткәрімқызы.

Дайындалған сенсорлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауда, экологиялық мониторингте, су мен топырақтағы пестицид қалдықтарын анықтауда қолдануға жағдай туғызады. Алдын ала күрделі өңдеуді қажет етпестен, оларды жеңіл қолданып, жедел нәтиже ала алады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.