Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Диабетке қарсы өсімдік: Қазақстандық ғалым цикорийдің тиімділігін дәлелдеді
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 29 желтоқсан, 2025 | 12:22
1 мин. - оқу уақыты

Диабетке қарсы өсімдік: Қазақстандық ғалым цикорийдің тиімділігін дәлелдеді

Ғалым цикорийден биологиялық белсенді қоспа әзірлеуді жоспарлап отыр

gov.kz
gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы, аға оқытушы Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігінің диабетке қарсы қасиетін ғылыми тұрғыда негіздеді. Зерттеу нәтижелері бұл өсімдіктің қант алмасуын реттеуге және ағзадағы метаболикалық үдерістерге оң әсер ететінін көрсетті.

Ғылыми жұмыс барысында цикорий құрамындағы биологиялық белсенді қосылыстардың қандағы глюкоза деңгейін төмендетуге, сондай-ақ антиоксиданттық белсенділікке ие екені анықталған. Атап айтқанда, өсімдік стресс факторларының әсерінен түзілетін еркін радикалдарға қарсы тұра алатыны дәлелденді. Бұл цикорийді функционалдық және профилактикалық өнімдер жасауға перспективалы шикізат ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу жобасы халықаралық ғылыми қауымдастықта да мойындалған. Қазіргі таңда аталған тақырып бойынша екі мақала беделді шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған.

Жас ғалымның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – дәрілік өсімдіктер негізінде кең таралған ауруларға қарсы биологиялық белсенді қоспалар әзірлеу.

«Қазіргі уақытта цикорий өсімдігінің фитохимиялық және фармакологиялық қасиеттерін зерттеп жатырмыз. Бүгінге дейін оның диабетке және стреске қарсы белсенділігі анықталды. Алдағы уақытта вирустар мен бактерияларға, соның ішінде тұмау ауруына қарсы әсерін зерттеуді жоспарлап отырмыз», деді ғалым.

Аталған зерттеу нәтижелері бойынша ҚазҰУ ғалымдары патент алған. Бұл ғылыми әзірлемені коммерцияландыруға жол ашып, болашақта цикорий негізіндегі өнімдерді отандық нарыққа биологиялық белсенді қоспа және емдік шай форматында шығару көзделіп отыр.

Айжамал Байсейітова ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінде дәріс береді, сондай-ақ университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми қызметпен айналысады. Ол магистратура мен докторантураны Оңтүстік Кореядағы Кёнсан ұлттық университетінде тәмамдап, докторлық диссертациясын қорғаған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.