Аталған жарысқа 6 елден 50-ден астам спортшы қатысуда. Ұшулар жеке форматта өтеді, ал турнир 8 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл өңірде қыс мезгілінде өткен халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыс. Бұл форматтағы турнир «Ice game», яғни «Қысқы ойындар» деп аталады. Қатысушылардың барлығы – кәсіби деңгейдегі спортшылар.
«Олар Біріккен Араб Әмірліктерінен, Малайзиядан, Сириядан, Индонезиядан және Ресейдің әр өңірінен келген. Барлығы – 54 адам. Турнир ережесіне сәйкес, қатысушылар 220 метр биіктікке көтеріліп, төменде орналасқан диаметрі небәрі 22 сантиметр болатын нысанаға дәл қонуы тиіс. Бұл үлкен шеберлікті, жоғары дәлдікті және мол тәжірибені талап етеді. Сондықтан жарыстардың тартысты өтетініне күмән жоқ», деді ҚР Парапланеризм федерациясының вице-президенті Давид Виршки.
Турнир аясында «Visit Zhetysu» ақпараттық-туристік орталығы Жетісу облысының туристік әлеуетін таныстыратын көрме ұйымдастырды. Бұл қатысушыларға жарыстан бос уақыттарында өңірдің туристік нысандарын аралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қатысушылар үшін Текелі қаласы мен оның маңындағы тарихи орындар мен көрікті жерлерді қамтитын таныстыру туры ұйымдастырылмақ.