Forbes нұсқасы бойынша Қазақстан гроссмейстері Бибісара Асаубаева ең көп сыйақы алатын он шахматшының қатарына кірді, деп хабарлайды QazMonitor Forbes-ке сілтеме жасап.
Басылымның атап өтуінше, әйел шахматшылардың табысы бұл спорт түріндегі ерлердің табысынан әлі де төмен.
Рейтингке сәйкес, Бибісара жетінші сатыда тұр — 21 жастағы спортшы жыл қорытындысы бойынша 110 мың доллардан астам табыс тапқан.
«Бибісара блицтен әлем чемпионатын қайта жеңіп алды, сонымен қатар Grand Swiss турнирінде үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Асаубаева Freestyle Chess G.O.A.T. Challenge турына қатысқан алғашқы бойжеткен атанды, бұл да қорытынды сомаға әсер етті», — делінген материалда.
Рейтинг көшбасшысы — шамамен 382 мың доллар тапқан ҚХР өкілі Ju Wenjun.
Ал ондықты 87 мың доллармен Үндістаннан келген бойжеткен Divya Deshmukh түйіндейді.