Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Тек дәстүр емес, кәсіби спорт: Қазақ жастары неге жаппай садақ атуға көше бастады?
  1. Жаңалықтар
  2. Спорт
Astana, Kazakhstan • 31 наурыз, 2026 | 14:52
4 мин. - оқу уақыты

Тек дәстүр емес, кәсіби спорт: Қазақ жастары неге жаппай садақ атуға көше бастады?

Қазақстанның дәстүрлі садақшылары далада жаттығып, әлемді бағындырып жүр

Фото: Диас Ахметовтың архивінен
Фото: Диас Ахметовтың архивінен

Соңғы жылдары Қазақстанның спорт айдынында үлкен серпіліс байқалады. Бұл — футбол немесе бокс емес, атадан қалған дәстүрлі садақ ату өнері. Небәрі бірнеше жылдың ішінде бұл сала кәсіби деңгейге көтеріліп, мыңдаған адамның сүйікті спортына айналды, деп хабарлайды QazMonitor.

Санаулы жылдағы сенсациялық өсім

Дәстүрлі садақ ату спортының негізін қалаушы, ҚР Ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовтың айтуынша, бұл сала бүгінде жай ғана әуесқойлық емес, ауқымды қозғалысқа айналды. 2019 жылы бұл спортпен айналысатындар саусақпен санарлық болса, қазір олардың саны еселеп артқан.

«2019 жылы дәстүрлі садақ атумен небәрі 50 спортшы айналысқан болса, қазіргі таңда Қазақстан аумағында олардың саны 20 мыңға жетті. Яғни, бұл — кәсіби де, әуесқойлық деңгейде де айналысатын спортшылардың көрсеткіші», деді ол.

Таланттан — тәртіпке: Спорттың жаңа деңгейі

Садақ атушылар қатарының көбеюі өз кезегінде сапаның да өсуіне алып келді. Ендігі жерде тек нысананы көздей білу жеткіліксіз. Қазіргі бәсекелестік спортшылардан темірдей төзім мен күнделікті қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл — саланың нағыз үлкен спорт деңгейіне шыққанының айқын дәлелі.

«Бастапқы кезде жақсы талантың болса, сол жеткілікті саналатын. Бір жарысқа барып, медаль алып келуге болатын еді. Ал қазіргі таңда тыңғылықты жаттығу мен темірдей тәртіп міндетті түрде керек. Тек қана бір талантпен қазір спортшылар жеңіске жете алмайды. Оған толығымен уақыт бөліп, дайындалу қажет. Осылайша, дәстүрлі садақ ату біртіндеп үлкен спорттың деңгейіне шығып келеді», деп қосты ол.

Мемлекеттік қолдау және бюджет

Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекеттің ұлттық спортты қолдауы артқан. Әр өңірдегі әкімдіктер мен Спорт министрлігі бұл салаға ерекше көңіл бөліп, спортшыларды ынталандыру тетіктерін іске қосты.

«Бізді үлкен жарыстардан қалдырмай, оқу-жаттығу жиындарына жіберіп жатыр. Айтайын дегенім, қазіргі таңда дәстүрлі садақ атуымыз олимпиадалық спорт қатарына кіріп, жаңа заңнамаға сәйкес үлкен қолдауларға біртіндеп ие болуда. Менің арманым – бұл өнерді футбол, волейбол, таэквондо сияқты танымал ету, сол жолда мемлекет бізді жақсы қолдап отыр», деді бас бапкер.

Айта кетейік, ұлттық спорт түрлерінің ішінде көкпардың орны әрқашан бөлек. Алайда, дәстүрлі садақ ату да қаржыландыру мен қолдау жағынан көкпармен иық тірестіре бастаған.

«Жалпы, садақ ату мен көкпардың бюджетін салыстыруға келмейді, өйткені шығын деңгейі екі бөлек. Көкпарда 12 атты баптау, олардың жарақаты мен дайындығы сияқты жоғары тәуекелдер бар, сондықтан оларға бөлінетін қаржы да қомақты. Алайда, егер мәселені пропорционалды түрде қарастырсақ, мемлекеттік қолдау жағынан биыл садақ ату мен көкпар теңесті деуге болады. Қаржының нақты көлемі әртүрлі болғанымен, екі спорт түріне де көрсетіліп жатқан назар мен көмек қазір бірдей деңгейде», деді Ахметов.

Шетелдің садағы мен астананың жебесі

Қазақ мергендері тек спортта емес, өндірісте де өз күштерін дәлелдеп жатыр. Садақтар әлі де шетелден алынғанымен, ең көп шығындалатын материал — жебелер бүгінде елімізде жасалады. Астанадағы цехтардың өнімі халықаралық талаптарға сай келеді.

«Венгрия, Түркия, Малайзия және басқа да көптеген мемлекеттер жылдар бойы дәстүрлі садақ атуды тоқтатпай дамытып келеді. Бізде бұл сала 2019 жылдан бастап қана қарқын алды. Сәйкесінше, ол елдерде қажетті құрал-жабдықтар өндірісі жақсы жолға қойылған. Қазіргі күні біз Түркия мен Венгрияның садақтарын пайдаланамыз. Бірақ бұл біздің елде қажетті жабдықтар жасалмайды дегенді білдірмейді. Мәселен, оқты алайық. Дайындық немесе жарыс кезінде оқ өте көп сынады, ол — шығын материалы. Сондықтан оқты дайындайтын Қазақстан аумағында үш-төрт ұсталық цех ашылған. Соның бірі – Астанада орналасқан «Алтын Жебе» цехы. Қазіргі таңда қазақтың 300 спортшысы жарысқа келетін болса, соның 200-і осы отандық өнімді пайдаланады», деп толықтырды сөзін.

Садақшылар қайда жаттығады?

Үлкен жетістіктерге қарамастан, дәстүрлі садақшылар үшін инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Арнайы жабық кешендердің жоқтығына қарамастан, нағыз жанашырлар мен спортшылар еш қиындықтан тайынбай, кең даланы жаттығу алаңына айналдырып жүр.

«Жалпы елімізде садақ атуға арналған арнайы алаң жоқ. Иә, олимпиадалық садақ ату бойынша да орындар өте аз. Олар бізге келеді, біздің олимпиадалық садақ атушылармен бірігіп жаттығу жасауға мүмкіндігіміз бар, бірақ өкінішке орай ондай да база жоқ. Астананың өзінде мүлдем алаң қарастырылмаған. Тек қана коммерциялық тұрғыдағы клубтарда, мектептің астында, жертөле немесе кішкентай залдарда өз бетімізше дайындалып жүрміз. Ал жазғы мезгілде көбіне далаға шығып, кең, бос алқаптарды пайдаланамыз. Бізді әкімшілік қуғанша, Астананың саябақтарында нысанамызды арқалап жаттығып жүрген жайымыз бар. Сонымен қатар ипподромды да жиі қолданамыз. Тек елордада ғана емес, бүкіл республика бойынша жағдай осындай», деді ол.

Оның сөзінще, әзірге Қазақстанның ешбір өңірінде жабық арнайы садақ ату алаңы жоқ. Сондықтан садақшылар қыста шағын залда қысқа қашықтықта, ал күн жылыған соң далада үлкен дистанцияда жаттығуға мәжбүр.

Ендігі меже — Көшпенділер ойыны

Бүгінде қазақстандық дәстүрлі садақ ату спорты жай ғана ұлттық өнер емес, халықаралық аренада салмағы бар кәсіби салаға айналды. Отандық төрешілердің біліктілігі сырт мемлекеттерде мойындалып, спортшыларымыз әлемдік додаларда топ жарып жүр.

Әрине мұндай жетістіктердің артында ұлттық намыс үшін барын салған нағыз жанашыр мергендердің қажырлы еңбегі жатыр. Қазіргі таңда ұлттық құрама үшін ең басты сын — Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындары.

«Біздің басты мақсатымыз — осы Көшпенділер ойынында былтырғы нәтижемізді түсіріп алмау. Өйткені біз өз жерімізде ойнатылған жеті алтынның біреуін алып, командалық есепте бірінші орынға ие болдық. Биыл небәрі төрт алтын ойнатылады, сол төрт жүлденің ішінен барымызды салып, ең болмаса бір алтынды елге алып келуге тырысамыз. Оңай болмайды, өйткені 42 мемлекет мүше халықаралық федерацияда бәсекелестік өте жоғары», деді Диас Ахметов.

Оның сөзінше, Қырғызстандағы бәсекенің жүгі ауыр, себебі қатысушылар саны шектеулі (3 ер, 3 қыз) және таулы аймақтың климаты мен табиғи алаңдары оқтың ұшу траекториясына тікелей әсер етеді.

Қазіргі уақытта мамандар спортшылардың физикалық және психологиялық дайындығын 10-нан 8 баллға бағалап отыр. Ендігі мақсат — оқу-жаттығу жиындары арқылы сол көрсеткішті максималды деңгейге жеткізіп, 20-30 жылдық тәжірибесі бар Венгрия, Түркия және Моңғолия сынды қарсыластарға лайықты қарсылық көрсету. Бұл ретте мемлекет тарапынан берілетін стипендиялар мен жаңа заңнамалық қолдаулар спортшылардың тек жеңіске фокус қоюына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.