Биыл жазда Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық спорт жарыстары өтеді, деп хабарлайды QazMonitor Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлікте алдағы ірі халықаралық спорт жарыстарына дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Жиында Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларында ұйымдастырылатын бірқатар халықаралық турнирлерге дайындық барысы қаралды.
Онда спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, спорт инфрақұрылымының дайындығы, логистика, медициналық қызмет көрсету, шетелдік делегацияларды орналастыру, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлесімді өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар елордада өтетін боччадан Әлем кубогіне дайындықты талқылады. Аталған жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады.
Бұған қоса 16 елден шамамен 350 спортшы бақ сынайтын байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты, 1600-ге жуық спортшы қатысатын таеквондодан (WT) халықаралық турнирлер, 15 елден шамамен 250 спортшы жиналатын жеңіл атлетикадан XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы, 50 елден 500-ге жуық спортшы белдесетін кураштан әлем чемпионаты және 700 спортшы қатысатын WKF каратэден Орталық Азия чемпионатына дайындық мәселелері де сөз болды.