Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Ақтөбеде 35 мың орындық жаңа стадион салынып жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Спорт
Astana, Kazakhstan • 25 маусым, 2026 | 14:47
2 мин. - оқу уақыты

Ақтөбеде 35 мың орындық жаңа стадион салынып жатыр

Халықаралық деңгейдегі жаңа футбол стадионының құрылысы қашан аяқталады

Qazaqstan Monitor: Ақтөбеде 35 мың орындық жаңа стадион салынып жатыр

Ақтөбеде халықаралық деңгейдегі жаңа стадионның құрылысы қарқын алды. Облыс әкімі Асхат Шахаров Алтын Орда ықшам ауданында салынып жатқан жаңа футбол стадионының құрылыс алаңына барып, өңірдегі ең ірі спорттық жобалардың бірінің жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа стадион 34 980 көрерменге арналған және халықаралық талаптарға сай заманауи спорт нысаны болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары қыз-қыз қайнап жатыр.

Құрылыс барысы туралы баяндаған түркиялық мердігер компанияның өкілі Фатих Татлыпаямның айтуынша, компанияның спорт нысандарын салуда мол тәжірибесі бар және әртүрлі елдерде жиырмаға жуық стадионды жобалау мен салуға қатысқан.

«Біздің ең ірі жобамыз – Анкарадағы стадион. Оның құрылысы биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Біз спорттық және туристік инфрақұрылым нысандарын салумен айналысамыз. Қазір Ақтөбедегі стадион құрылысын жүргізіп жатырмыз. Нысан он блоктан тұрады. Соның бірінде іргетас құю және бетондау жұмыстары атқарылып, бағаналарды монтаждау жүргізілуде. Үшінші блокта монолиттік жұмыстар жалғасып жатыр, ал бесінші блок толықтай бетон құюға дайын. Биылғы жылдың соңына дейін монолиттік жұмыстардың негізгі бөлігін аяқтап, нысанның темірбетон қаңқасын тұрғызуға кірісуді мақсат етіп отырмыз», – деді ол.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында 152 адам еңбек етуде. Жұмыс көлеміне қарай қызметкерлер саны да көбейеді. Құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде, яғни сантехникалық, инженерлік және механикалық жұмыстар басталған кезде жұмысшылар саны 700 адамға дейін жетеді.

Асхат Шахаров жаңа стадион құрылысының тек футболды дамыту үшін ғана емес, өңірдің туристік және мәдени тартымдылығын арттыру үшін де зор рөл атқаратынын алға тартты.

«Өңірде футбол қарқынды дамып келеді. Жаңа стадион шамамен 35 мың көрерменге арналған және ол тек футбол матчтарын өткізу үшін ғана пайдаланылмайды. Сыйымдылығының арқасында мұнда ірі мәдени іс-шаралар мен концерттер өткізуге мүмкіндік болады. Елден асып танылған дарынды жерлестеріміз бар, болашақта олар осы алаңда өнер көрсете алады», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі сондай-ақ Алтын Орда ықшам ауданының қарыштап дамып келе жатқанын, ал заманауи стадионның пайда болуы қызмет көрсету саласы, шағын бизнес және туристік инфрақұрылымның дамуына қосымша серпін беретінін айтты.

Аймақ басшысының сөзінше, нысан құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және жұмыстардың орындалуы тұрақты бақылауда.

Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.