Испаниядағы танымал «Мадридтіктер бүкіл әлемде» тележобасының Мадридте эфирге шыққан жаңа шығарылымы Қазақстанға арналды, деп хабарлайды QazMonitor. Бағдарлама авторлары елдің ең көрікті әрі өзіндік бояуы қанық мегаполистерінің бірі ретінде Алматыға ерекше назар аударды.
Бағдарлама авторлары елдің ең көрікті әрі өзіндік бояуы қанық мегаполистерінің бірі ретінде Алматыға ерекше назар аударды.
Түсірілім жұмыстары Almaty Tourism Bureau қолдауымен өтті. Мекеме тележобаның командасына ілесіп, қаланың туристік әлеуетін таныстырды. Шығарылымда Вознесенский собор, Көк базар және Atlético de Madrid футбол клубының академиясы көрсетілді.
Тележоба Алматының күнделікті тыныс-тіршілігін, мәдени сан алуандығын, салт-дәстүрі мен көркем табиғи келбетін айшықтайды. Ал жобаның кейіпкерлері – мадридтік Мигель, Николас пен Аврора қала мен оның тұрғындары туралы әсерлерімен бөлісті.
Бағдарлама Telemadrid телеарнасынан көрсетіледі. Ол шетелде өмір сүріп немесе саяхаттап жүрген испандықтардың оқиғасы арқылы көрермендерді әртүрлі елдердің тұрмыс-тіршілігімен, мәдениеті мен өзіндік ерекшеліктерімен таныстырады.
Алматы қаласының туризм басқармасының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында қалаға келген испандық туристер саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,8% өскен. Ал болжам бойынша 2026 жылы Алматы шамамен 750 мың шетелдік қонақты қабылдайды, бұл қаланың халықаралық туристік кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.