Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Бурабай мен Маңғыстау жаңарады: Туризмді дамытудың жаңа жоспары ұсынылды
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 27 қаңтар, 2026 | 13:06
1 мин. - оқу уақыты

Бурабай мен Маңғыстау жаңарады: Туризмді дамытудың жаңа жоспары ұсынылды

Курорттағы жүктеме қайта бөлінеді, бұл демалушылар көрсеткішін қалай өзгертеді?

gov.kz
gov.kz

Үкімет Щучье мен Бурабай көлдеріндегі туристердің жүктемесін басқа су айдындарына бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның сөзінше, биылдан бастап Бурабайда бір көлге тәуелділік азаяды. Щучинск–Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары аясында Щучье мен Бурабай көлдеріне түсіп отырған шамадан тыс жүктемені Қатаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдеріне бөлу жоспарланып отыр. Бұл – экологиялық қысымды төмендетумен қатар, туристік инфрақұрылымды кеңістіктік тұрғыда әртараптандыруға бағытталған шешім.

Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде былтыр Бурабай кентінде променад аймағы, 10 километрге созылған велажол салынды. 8 жаңа қарау алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілген. Сонымен қатар Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылды, қосымша 15 дәретхана орнатылды, экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов Маңғыстауды ұзақмерзімді демалыс аймағына айналдыру көзделіп отырғанын айтты. Онда жағажай, Кендірлі, Бозжыра, Тамшалы және ерекше табиғи объектілерде жаяу жүргіншілер жолы, қарау алаңдары, визит орталықтары жасалады.

Бұған қоса, ведомство басшысы саланы дамыту тұжырымдамасын өзектендіру басталғанын хабарлады. Министрлік әзірлеген жаңа іс-қимыл жоспары 100-ден астам тармақтан тұрады. Құжатқа орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің ұсыныстары енгізілген.

Сонымен қатар Қазақстанға турист тартуға арналған жаңа маркетинг стратегиясын іске қосу жоспарланып отыр. Оның сөзінше, жалпы болжамға сәйкес, 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 11 млн адамға дейін, ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар 800 мың адамға жетуі мүмкін.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.