Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Димаштың халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 28 қаңтар, 2026 | 10:58
1 мин. - оқу уақыты

Димаштың халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді

Қазақстанның туристік локацияларында түсірілген Voice Beyond Horizon жобасы Hunan TV-де көрсетіледі

kudaibergenov.dimash
kudaibergenov.dimash

Еліміздің туристік локацияларында түсірілген халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы биылғы 5 ақпанда Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында өтеді, деп хабарлайды QazMonitor. Жоба түсірілімі толықтай Қазақстан аумағында жүргізіліп, елдің алты өңірін қамтыды.

Аталған жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon түрлі елдердің өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырып қана қоймай, Қазақстанның табиғи әралуандығы мен туристік әлеуетін миллиондаған халықаралық көрерменге танытуды көздейді.

Түсірілім жұмыстары Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өтті. Жобаға Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің орындаушылары қатысады. Өткен жылдың қыркүйек айында қатысушылар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен.

Жоба аясында көне Түркістан қаласы, Бозжыраның бірегей табиғи көріністері, Каспий теңізі жағалауы, Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, туристік Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Щучинск-Бурабай курорттық аймағы қамтылды.

Voice Beyond Horizon жобасының ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында өтсе, Қазақстанда жоба «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Жобаны іске асыруға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры демеушілік етті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.