Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қарағанды облысында өнеркәсіптік туризмді дамыту көзделіп отыр
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 20 қазан, 2025 | 23:11
1 минут - оқу уақыты

Қарағанды облысында өнеркәсіптік туризмді дамыту көзделіп отыр

Жаңа бағытты Visit Karaganda орталығы таныстырды

Фото: Visit Karaganda
Фото: Visit Karaganda

Қарағанды облысында ішкі туризм қарқынды түрде дамып келеді. Бұл үрдіске 2025 жылы құрылған Visit Karaganda туристік-ақпараттық орталығы ерекше серпін берді. Орталық мамандары өңірдің индустриялық және мәдени мұрасын біріктіріп, жаңа экскурсиялық «Индустриялық Қарағанды» маршрутын әзірледі.

Бұл бағытпен алғашқылардың бірі болып туроператорлар, журналистер мен блогерлер жүріп өтті. Бір күнде олар үш қала мен бір кентті аралады. Саяхат Теміртаудан басталып, Долинка ауылында аяқталды.

Қазақстан Президенті туризм экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс екенін, ал еліміздегі әр облыстың өзіне тән бірегей туристік мүмкіндіктері барын бірнеше рет атап өткен болатын.

«Қарағанды облысы – көркем табиғатымен қатар, елдің өнеркәсіптік әлеуетінің орталығы. Жаңа маршрут тарих пен индустрияны ұштастыра отырып, өңірдің өзгеше қырын көрсетуге бағытталған», – дейді тур ұйымдастырушылары.

Теміртауда қатысушылар металлургия саласының даму тарихымен таныстырған музейге барды. Содан соң QazTehna зауытында өндірілген трамваймен саяхат жасады. Бұл - Қазақстандағы теңдесі жоқ қоғамдық көлік түрі саналады және бүгінде туристік нысан ретінде қарастырылып отыр.

Теміртау қысқы бағынан кейін саяхатшылар тобы Қарағанды қаласына аттанды. Мұнда қонақтар тау-кен колледжі жанындағы оқу шахтасымен танысып, кеншілер өлкесінің атмосферасын сезіне алды, сондай-ақ көмір өндіру процесін көрді. Экскурсиялық маршрутқа сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға, яғни Қарағандыдағы тұрмыстық химия зауыты мен Саран қаласындағы шина зауытына бару да қарастырылған.

Маршруттың қорытынды бөлігі Долинка ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған еске алу музейін аралаумен аяқталды.

Visit Karaganda орталығы офлайн бағыттармен шектеліп қоймай, саяхатшылар үшін онлайн-жолбасшы да әзірледі.

«Біз жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-ботты іске қостық. Ол туристерге өңір бойынша сапарын жоспарлауға көмектеседі, бағыттар ұсынып, көрікті жерлер, қонақүйлер, жанармай бекеттері мен демалыс орындары туралы ақпарат береді. Сонымен қатар бот 180 тілде сөйлесе алады», – деп атап өтті орталық директоры Бахтияр Бекмұрзаев.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.