Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі әуе кеңістігіндегі шектеулерге байланысты қазақстандықтарға Таяу Шығыс елдеріне сапарларды уақытша кейінге қалдыруды ұсынды. Ведомство белсенді әскери қимылдар тоқтап, өңірдегі жағдай толық тұрақталғанға дейін бұл бағыттарға барудан бас тартуға кеңес береді, деп хабарлайды QazMonitor.
Министрліктің мәліметінше, аталған аймақтағы Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Қазіргі уақытта сол елдерде жүрген отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар өңірдегі Қазақстан азаматтарының, оның ішінде транзиттік аймақтарда жүргендердің тізімі жаңартылуда. Жедел байланыс үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрылып, сол арқылы азаматтар сұрақтарына жауап алып, жағдай туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізе алады.
Ұйымдастырылған туристерге қатысты туроператорлар оларды қонақ үйлерге орналастыруды қамтамасыз етіп жатыр. Бұдан бөлек, жағдай шиеленіскен аймақтардан қазақстандықтарды эвакуациялаудың ықтимал бағыттары мен шаралары да қарастырылып жатыр.
Ал Туристік Қамқор қоры мәліметінше, 28 ақпаннан бастап Таяу Шығыс елдеріне ұйымдастырылатын турларға туркод беру уақытша тоқтатылған. Шектеу Иран, Израиль, БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Иордания және Оман бағыттарына қатысты.
Бұл шектеулер уақытша сипатқа ие және өңірдегі жағдай тұрақтанып, туристердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенге дейін күшінде болады. Туристік компанияларға аталған бағыттар бойынша турөнімдерді уақытша сатпау ұсынылды.
Сондай-ақ 28 ақпаннан кейін Таяу Шығыс елдеріне сапарға шыққан туристерге Қазақстан азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесінің талаптары қолданылмайтыны ескертілді.
Турларды тоқтату, сапар мерзімін өзгерту немесе қаражатты қайтару мәселелері бойынша туристерге турөнім сатып алынған туристік агенттіктерге жүгіну ұсынылады.