Алматыға Instagram желісінде 2,8 миллионнан астам жазылушысы бар қытайлық блогер Tao Tao келді, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оның сапары 16-17 наурыз күндері Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылды.
Сапар барысында блогер қаланың туристік әлеуетімен және мәдени ерекшеліктерімен танысты. Ол Qazaq Riders этнокешеніне, сондай-ақ Yurta және Pekin Duck мейрамханаларына барып, Алматының гастрономиялық әртүрлілігін көрсетті.
Этнокешенде блогер қазақтың ұлттық киімін киіп, ат мәдениетімен танысты. Бағдарлама аясында дәстүрлі іс-шараларға қатысып, атқа мініп көрді.
Сапар кезінде Tao Tao әлеуметтік желілерде белсенді контент жариялап, Алматының табиғаты, атмосферасы мен мәдени әртүрлілігін көрсетті. Жылқы, этномәдениет және lifestyle тақырыптарына маманданған блогердің жазбалары әдетте миллиондаған қаралым жинайды.
Алматы Қытайдан келетін туристер үшін тартымды бағыттардың бірі ретінде позициясын нығайтып келеді. Мұндай блогерлердің сапары қаланы Қытай нарығында ілгерілетуге ықпал етеді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мегаполиске Қытайдан 102,1 мың турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,2%-ға көп.