Алматының демалыс пен бос уақытқа арналған сапарларға тартымдылығы артып келеді. Бұл Almaty Tourism Bureau мен Mastercard Tourism Insights бірлесіп дайындаған 2025 жылға арналған Алматы туризмі жөніндегі аналитикалық есепте айқын көрініс тапты, деп хабарлайды QazMonitor.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Алматыға келетін туристер арасында рекреациялық туризмнің үлесі едәуір артқан. 2025 жылы қала қонақтарының 84%-ы Алматыға жеке мақсатпен, яғни тынығу, серуендеу және бос уақытын мазмұнды өткізу үшін келген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 5 пайыздық тармаққа жоғары.
Сонымен қатар қала біртіндеп lifestyle-туризмнің тартымды бағытына айналып келеді. Орталық Азия мен Кавказдағы Ташкент, Баку, Тбилиси және Бішкек қалаларымен салыстырғанда, бұл үрдіс жалпы өңірге ортақ болғанымен, Алматыда айрықша айқын байқалады.
Есепте туристік сапар форматының да өзгеріп жатқаны көрсетілген. Жеке саяхаттаушылар әлі де ең ірі сегмент болып қалып отыр, олардың үлесі шамамен 37%. Дегенмен, бұл көрсеткіш біртіндеп төмендей бастаған. Ал ең қарқынды өсім отбасылық туризм сегментінде тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 2,4 пайыздық тармаққа артқан.
Алматыдағы туристік сапар құрылымы 37% жеке саяхаттаушылар, 22% жұп болып саяхаттаушылар, 21% отбасылық сапарлар және 20% достармен жасалатын сапарлар.
Сонымен қатар, топтық туризмнің 3 пайыздық тармаққа өсуі туристік сұраныстың кеңейіп, сапар форматының әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.