Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі – заманауи аквапарк кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Түркістан қаласында салынатын демалыс кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Жоба аясында су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы және банкет залы бой көтереді.
Кешен отбасылық демалысты дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін инфрақұрылым болмақ. Жаз мезгілінде су айдыны ретінде пайдаланылатын аумақ қыс айларында картинг алаңына айналады деп жоспарланып отыр. Осылайша нысан келушілерге жыл бойы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар кешен аумағында биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракциондар, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және балаларға арналған интерактивті ойын алаңдары қарастырылған.
Жаңа туристік кешеннің құрылысы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоба Түркістан өңірімен қатар, еліміздің басқа аймақтарынан және шетелден келетін туристер үшін де тартымды демалыс орнына айналмақ.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, ірі жобаларды жүзеге асыру қарқыны артып отыр.