22-23 мамыр күндері Атырауда «ШеберFEST – 2026» халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген қолөнер шеберлері, этномәдени және гастрономия өкілдері қатысады, деп хабарлайды QazMonitor.
Ауқымды мәдени іс-шара ұлттық қолөнерді дәріптеуге, мәдени мұраны сақтауға, этнотуризмді дамытуға және өңірдің гастрономиялық әлеуетін танытуға бағытталған.
Фестиваль алаңында тері, киіз, ағаш, жүн өңдеу, зергерлік өнер және этнодизайн бағытында жұмыс істейтін 50-ге жуық шебердің туындылары ұсынылады. Келушілер дәстүрлі және заманауи сәндік-қолданбалы өнер үлгілерімен танысып, авторлық бұйымдарды сатып ала алады.
Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен гастрономиялық дәстүрлерге ерекше назар аударылады. Қонақтарға ыстық бауырсақ пен самаурында қайнатылған шай ұсынылып, арнайы дәм тату аймақтары ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында «Атырау ЭТНО FEST – 2026» этнофестивалі де өтеді. Бағдарламада ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі, ұлттық ойындар, шеберлер мен суретшілердің шығармашылық кездесулері, тақырыптық пікірталастар және өңір өнерпаздарының концерттік қойылымдары жоспарланған.
Сондай-ақ шара барысында қолөнер саласын дамыту, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өңірдің гастрономиялық әлеуетін ілгерілету мәселелері талқыланады. Мәдени бағдарлама облыс өнерпаздары мен арнайы шақырылған шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін гала-концертпен түйінделеді.
Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Іс-шара оқиғалы туризмді дамытуға, ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және Атырау облысының туристік әлеуетін республикалық әрі халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.