Алматыда тревел-блогерлер, инфлюенсерлер, контент авторлары мен туризм индустриясы өкілдеріне арналған халықаралық TBEX Asia 2026 конференциясының негізгі іскерлік бағдарламасы өтіп жатыр. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам қатысушының басын қосты. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Қатысушылар білім беру сессияларына, шебердің дәрісіне, сарапшылардың баяндамалары мен кәсіби кездесулерге қатысып, сторителлинг, әлеуметтік желілер, бейнеконтент, аудиториямен жұмыс және жеке брендті дамыту мәселелерін талқылауда. Жалпы бағдарламада 30-дан астам сессия, шебердің дәрісі және салалық форум бар.
Спикерлер қатарында танымал тревел-блогерлер мен сарапшылар Омар Алиев, Ahmed Haggag, Christopher Reese Joondeph, Wil Dasovich, Julie Falconer, Archana Singh, Haley Dasovich, Daniel Marsh және Балнұр Балтабаева бар. Олар саяхат туралы контент әзірлеу, аудиториямен байланыс орнату және жеке брендті ілгерілету тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Кейбір сессиялар әлеуметтік желілерге, аудитория тартуға және көпшілікке әлі кеңінен таныла қоймаған туристік бағыттарды таныстыруға арналған.
Қазақстанда TBEX конференциясы алғаш рет өтіп отыр. TBEX бас директоры Рик Калверттің айтуынша, қатысушылар Алматыға іскерлік бағдарламаға қатысу үшін ғана емес, Қазақстанды жақынырақ танып, алған әсерін аудиториясына жеткізу үшін де келген.
«TBEX-тің ұйымдастырылып келе жатқанына 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде іс-шараларымыз әлемнің түрлі елінде өтті. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз және мұнда болғанымызға өте қуаныштымыз. TBEX-ке 30 елден 300-ге жуық адам қатысып жатыр. Олар Қазақстанда орта есеппен 14 күн болып, елді аралап, көрген-білгенін аудиториясына бөліседі. Бұл әлем бойынша жүздеген миллион адамды қамтитын аудитория», — деді Рик Калверт.