Форумға Германияның жетекші туроператорлары, туристік агенттіктері, салалық қауымдастықтары мен мамандандырылған БАҚ өкілдерін қоса алғанда, 130-ға жуық адам қатысты. Оның 69-ы Германиядан келген делегаттар.
Форум Kazakh Tourism ҰК АҚ мен Германияның Deutscher Reiseverband (DRV) туристік қауымдастығы арасындағы жүйелі ынтымақтастықтың нәтижесінде ұйымдастырылды. 2025 жылы DRV өкілдері Қазақстанға техникалық сапармен келіп, елдің туристік әлеуетімен танысқан. Ал биыл наурызда ITB Berlin көрмесі аясында DRV мен ҚР Туризм және спорт министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, форумды Астанада өткізу жөнінде келісім жасалды.
Форум қарсаңында, 20-24 тамыз күндері Германия делегациясы Қазақстанның бірнеше өңіріне сапарлады. Қонақтар Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының туристік нысандарын аралап, өңірлердің инфрақұрылымы мен туристік өнімдерімен танысты.
Форумның іскерлік бағдарламасында қазақстандық туристік компаниялар мен неміс туроператорлары арасындағы B2B кездесулерге ерекше көңіл бөлінді. DRV бағалауынша, мұндай тікелей іскерлік байланыстар келесі жылдың өзінде Қазақстанға келетін неміс туристерінің санын 25%-ға арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Бүгінде Германиядан Қазақстанға жыл сайын шамамен 100 мың турист келеді. Олардың үштен бірінен астамы елде бірнеше күн аялдайтын сапарларды жүзеге асырады.
Айта кетейік, DRV Германияның туристік индустриясындағы 3 мыңнан астам компанияны біріктіреді. Олар Германия азаматтарының ұйымдастырылған туристік сапарларының шамамен 90%-ын қамтамасыз етеді.