Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қазақстан Париждегі гастрономиялық фестивальде ұлттық тағамдарын таныстырды
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 17 қыркүйек, 2026 | 12:10
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстан Париждегі гастрономиялық фестивальде ұлттық тағамдарын таныстырды

Ұлттық павильонға келушілер қазақтың дәстүрлі тағамдары мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытты

Qazaqstan Monitor: Қазақстан Париждегі гастрономиялық фестивальде ұлттық тағамдарын таныстырды

Қазақстан Парижде өткен X Халықаралық гастрономиялық фестивальге екінші жыл қатарынан қатысып, француз көрерменіне ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырды.

Қазақстанның ұлттық павильоны фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырып, келушілер көп жиналған орындардың біріне айналды.

Павильонды Қазақстанның Франциядағы елшілігі Қызылорда облысының өкілдері, отандық аспаздар мен өнерпаздардың қолдауымен ұйымдастырды.

Фестиваль қонақтары қазақтың дәстүрлі тағамдарынан қазақша ет, қуырдақ пен бауырсақтан дәм татты. Сондай-ақ Қызылордадан арнайы жеткізілген қазы мен жая көпшіліктің назарын аударды. Ұлттық тағамдарды белгілі аспаздар Манас Сқакқ, Рәсім Қонаев және Қарлығаш Баймұхамедова әзірледі.

Қазақ асханасымен танысу тағамнан дәм татумен ғана шектелген жоқ. Аспаздар ұлттық тағамдардың тарихы мен әзірлеу ерекшеліктерін айтып, дәстүрлі асхананың қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысындағы маңызына тоқталды.

Келушілердің назарын ұлттық нақышта әзірленген авторлық десерттер де аударды. Оларды Париждегі әйгілі Le Cordon Bleu аспаздық мектебінің түлегі Сабина Таңатарова дайындады. Ол заманауи гастрономиялық әдістерді қазақтың дәстүрлі дәмдерімен ұштастырып, десерттерге талқан, сүтті шай және Қазақстанға тән басқа да өнімдерді қосты.

Осылайша заманауи аспаздық өнер арқылы фестиваль қонақтары қазақ даласының өзіндік болмысымен, ұлттық дәмі мен дәстүр сабақтастығымен танысты.

Павильондағы мәдени бағдарлама да көрермендердің көңілінен шықты. Қызылорда облысынан келген «Сырғалым» ансамблі ән мен биден шашу шашып, ұлттық өнерді паш етті. Өнерпаздардың дәстүрлі киімдері павильонға айрықша сән беріп, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.

X Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 80-нен астам елінен өкілдер қатысты. Мерейтойлық шара Француз Республикасының Президенті қамқорлығымен өтті. Ал 2026 жылғы фестивальдің патроны ретінде әлемге әйгілі француз аспазы Ален Дюкасс танылды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.