Оңтүстік Кореяның Busan e-FM радиостанциясының эфирінде City Voyage with TPO – from Busan Worldwide халықаралық бағдарламасы аясында Алматының туристік бағыт ретіндегі әлеуетіне арналған шығарылым жарық көрді. Бұл туралы қалалық Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
City Voyage with TPO – Busan e-FM радиостанциясы мен Tourism Promotion Organization for Global Cities (TPO) ұйымының бірлескен жобасы. Бағдарлама халықаралық аудиторияны ұйымға мүше қалалардың туристік әлеуетімен таныстырады.
Шығарылымда Алматының туристік мүмкіндіктері, көрікті жерлері, мәдениеті, сондай-ақ саяхатшыларға арналған қалалық және таулы бағыттар туралы айтылды. Бағдарламаны Busan e-FM радиостанциясының YouTube арнасынан көруге болады.
Корея нарығында Алматыға деген қызығушылық артып келеді. 2025 жылы қалаға Корея Республикасынан 23,2 мың турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,3%-ға көп. Бағдарламаның жарық көруі Алматының туристік мүмкіндіктерін кореялық аудиторияға таныстыруға қосымша мүмкіндік берді.
Busan e-FM – 2009 жылы Пусан қаласының ішінара қаржыландыруымен құрылған Оңтүстік Кореядағы алғашқы жергілікті ағылшынтілді радиостанция. Радиостанция Пусан қаласының жаңалықтары мен тыныс-тіршілігін, сондай-ақ шетелдік тұрғындар мен халықаралық аудиторияға арналған туризм және көлік тақырыптарын қамтиды.