Астанада VII «ASTAUFEST» халықаралық гастрономиялық фестивалі өтіп жатыр. Үш күнге созылатын байқауға Қазақстан өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден 30-дан астам білім беру ұйымының 200-ден астам өкілі қатысып, үздік атану үшін бақ сынайды, деп хабарлайды QazMonitor Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Астана қаласындағы «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» ұйымдастыратын дәстүрлі іс-шараның негізгі мақсаты – елорданың гастрономиялық әлеуетін таныту, мейрамхана индустриясын дамыту және насихаттау, сондай-ақ қонақжайлылық мәдениетін қалыптастыру.
Фестиваль қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеуге, ұлттық аспаздық дәстүрлерді кеңінен танытуға және оларды заманауи гастрономиямен ұштастыруға бағытталған. Сонымен қатар іс-шара отандық аспаз өнерін дамытуға және мамандар арасында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Байқауға Қытай, Франция, Түркия, Кипр, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 13 халықаралық сарапшы төрелік етеді. Бұл қатысушыларға кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде бағалап, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.