Павлодар облысындағы Жасыбай көлінде қысқы туристік маусымның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға өңір тұрғындары мен облыс қонақтары, сондай-ақ туроператорлар мен туристік бизнес өкілдері қатысты.
Қонақтарға аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Мәдени бөлімде бүркітпен көрсетілімдер ұйымдастырылып, тазы иттерінің ұлттық тұқымы таныстырылды. Сонымен қатар қатысушыларға ыстық тамақ, шай мен бауырсақ беріліп, жылыну пункті жұмыс істеді.
Павлодар облысы туристік саланы жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда өңірде 151 орналастыру нысаны бар, олардың жалпы сыйымдылығы 10 мыңнан астам орынды құрайды. Туристік нарықта 7 туроператор мен 192 туристік агент қызмет көрсетеді.
Биылғы қаңтар–қараша айлары аралығында туристік қызмет көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артты. Осы кезеңде өңірге 243 мыңнан астам турист келген, оның 236 мыңы ішкі туристер.
Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі