Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қазақстанда ойын аймақтары тек шетелдік туристерге ашылады
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 08 қаңтар, 2026 | 16:39
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда ойын аймақтары тек шетелдік туристерге ашылады

Жүргізілген экономикалық зерттеуге сәйкес, жаңа ойын залдары өңірлерге салық түсімін көбейтпек

Freepik
Freepik

Туризм саласын дамыту мақсатында Қазақстанның бірқатар өңірінде тек шетел азаматтарына қызмет көрсететін ойын аймақтарын салу мүмкіндігіне қатысты әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізілді. Жобалар іске асқан жағдайда, аталған ойын орындарына Қазақстан азаматтарының кіруіне тыйым салынады, деп хабарлады QazMonitor-ға ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлемдік тәжірибе шетелдіктерге арналған ойын аймақтарының туристер ағынын арттыруға және курорттық инфрақұрылымды дамытуға тиімді әсер ететінін көрсетеді. Мұндай тәсіл ішкі әлеуметтік ортаға теріс ықпал етпей, өңірлердің экономикалық өсіміне серпін береді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Маңғыстау облысы тұрғындарының 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңірге 148 мың шетелдік турист келіп, 7 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бюджетке 1,2 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.

Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес екенін білдірген. Сарапшылардың бағалауынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түседі.

Алматы облысында респонденттердің 54,5 пайызы ойын аймақтарын салу идеясын қолдаған. Экономикалық талдау бойынша, 2030 жылға қарай өңірге келетін шетелдік туристер саны 22,8 мың адамға жетеді. Сонымен қатар 2028 жылға дейін екі ойын аймағынан 6,5 млрд теңге салық түсіп, 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп болжануда.

Айта кетейік, ойын аймақтарын белгілеу және олардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды, ал ойын залдарына тек шетел азаматтарының кіруіне рұқсат етіледі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.