Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Мәскеуден Қожа Ахмет Ясауи іліміне қатысты XVII ғасырдың сирек қолжазбасы табылды
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 24 шілде, 2026 | 17:21
1 мин. - оқу уақыты

Мәскеуден Қожа Ахмет Ясауи іліміне қатысты XVII ғасырдың сирек қолжазбасы табылды

Бұхарада жазылған еңбек Ясауи тариқатының тарихы мен рухани сабақтастығы туралы тың деректерді қамтиды

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан Қожа Ахмет Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған XVII ғасырдағы сирек қолжазбаны анықтады. Бұған дейін бұл еңбек ғылыми ортада кеңінен мәлім болмаған, деп хабарлайды QazMonitor.

Зерттеу жұмыстары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспары аясында жүргізіліп жатыр.

«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты қолжазба Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылған. Бұхарада жазылған бұл еңбек Ясауи мектебінің тарихын танытатын маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.

Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері баяндалады. Сонымен қатар еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алып, тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре туралы құнды мәліметтер қамтылған.

Қазіргі уақытта мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеуде. Алдағы кезеңде оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.