Соңғы бір жылда шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласына тартылған инвестициялар көлемі 30%-ға артты, ал креативті өнім экспорты 250 млрд доллардан асты. Бүгінде сектордың жалпы қосылған құны 2 млрд доллардан жоғары. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, нарықтың өсуіне арнайы салық режимі де серпін беріп отыр. Креативті индустрия субъектілері жеке және корпоративтік табыс салығынан, ҚҚС-тан босатылып, 2–4% мөлшеріндегі бірыңғай салықты ғана төлейді. Заңды тұлғалар үшін мөлшерлеме – 8%. Осы жеңілдіктердің нәтижесінде саладағы кәсіпорындар мен жұмыспен қамтылғандар саны бір жылда 15%-ға өсті. Қазір елде 46 667 микро, шағын және орта бизнес субъектісінде 143 мың адам жұмыс істейді.
Креативті экономиканың негізгі драйверлері – IT, геймдевелопмент, кино және анимация, сәулет, сән индустриясы, фото және қолөнер. Креаторлардың ең көп шоғыры Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында тіркелген. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр.
Тағы бір эксклюзивті нәтиже – креативті хабтардың Қазақстанның барлық 20 өңірінде толық ашылуы болды. Бұл жоба небәрі екі жыл ішінде жүзеге асқан. Өңірлік әкімдіктерге мұндай орталықтарды жергілікті бюджет есебінен құру құқығы берілген, бұл креативті инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
«Қазір елде креативті салаға үлкен көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі түрде жүргізіліп, креаторлардың мүдделері іс жүзінде қорғалып жатыр. Мәжілісте 43 ЭҚЖЖ-ның қорғалуы да өз алдына көрсеткіш. Сонымен қатар креативті салаларға арнайы салық режимі енгізілді. Айтарлықтай даму байқалады», – дейді Қарағанды қаласының сән дизайнері Меруерт Мұхамедиярова.
Айта кетейік, Президент креативті индустрияны стратегиялық экономикалық бағыт ретінде айқындап, оны ұлттық бірегейлік пен тұрақты өсімнің маңызды факторы ретінде атап келеді. Биыл сала дамуының құқықтық негізін бекітетін арнайы заңға қол қойылды.
Сонымен қатар Қазақстан креативті индустрияны халықаралық күн тәртібіне шығарды. Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» форумында Президент ТМД елдеріне ортақ креативті индустриялар ассоциациясын құруды ұсынды. Ал 2026 жылы Алматыда Түркі дүниесінің креативті индустриясы форумы өтеді.
Атқарылған реформалар халықаралық рейтингтерде де көрініс тапты: Қазақстан Global Innovation Index рейтингінің «Креативті индустрия және қызметтер» индикаторы бойынша 90-орыннан 61-орынға дейін көтерілді.