Қазақстанда қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде елдегі барлық елді мекендер толықтай ауызсумен қамтылды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспар аясында іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Сонымен қатар сумен жабдықтау нысандары салынып, суды тазартудың блокты-модульдік станциялары орнатылды. Жобалар республикалық және жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор және арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды.
Жалпы, осы бағыттағы жұмыстар барысында 835 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Бұдан бөлек, 699 ауылда жергілікті бюджет есебінен блокты-модульдік тазарту станциялары орнатылған.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, елдегі 90 қала мен 6 075 ауылдық елді мекен, яғни 7,5 млн адам сумен қамтылған. Оның ішінде 4 725 ауыл орталықтандырылған жүйеге қосылып, ауыл халқының 96%-ын қамтыса, 1 350 ауыл орталықтандырылмаған жүйелер арқылы сумен қамтамасыз етілген.
Орталықтандырылмаған жүйелер қолданылатын елді мекендердің ішінде 1 103 ауылда блокты-модульдік тазарту станциялары орнатылған. Ал 233 шағын ауылда су жеке ұңғымалар арқылы берілсе, 14 ауылда шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты су тасымалдау арқылы жеткізіледі.
Сараланған тәсілдерді қолдану халықты сумен толық қамтуға ғана емес, сонымен қатар тиімсіз күрделі шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жұмыстары жалғасады. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында коммуналдық желілердің тозуын азайту, инфрақұрылымның сенімділігін арттыру және ресурстарды басқарудың заманауи технологияларын енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен сумен жабдықтау және су бұру бағытында 320 жобаны іске асыруға 209 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 144 млрд теңге қалаларға, ал 65 млрд теңге ауылдық елді мекендерге бағытталады.