2026 жылы Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында құрылыс жобаларын сараптау процесі автоматтандырылады. Qportal.kz бірыңғай порталында іске қосылатын жаңа технологиялар құжаттарды тексеру мерзімін қысқартып, адами факторды барынша азайтуға бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Өнеркәсіп министрлігі 2026 жылдың бірінші тоқсанында Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталында AI негізіндегі шешімдер пилоттық режимде енгізіле бастайтынын хабарлады.
Жаңа технология ең алдымен ведомстводан тыс сараптама кезеңіндегі бюрократиялық кедергілерді жоюға арналған. Жүйенің дамуы екі негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде AI бастапқы және рұқсат беру құжаттарының толықтығын секундтар ішінде тексереді. Келесі кезеңде технология сметалық есептердің дәлдігін және жобалық шешімдердің мемлекеттік стандарттар мен нормаларға сәйкестігін сараптауға бейімделеді.
2026 жылдың басынан бастап толыққанды іске қосылған Qportal.kz бірыңғай порталы құрылыстың барлық кезеңін бір жүйеге біріктірді. Бүгінде портал пайдаланушыларына бірқатар мүмкіндіктер қолжетімді. Атап айтқанда жобалауға қажетті құжаттарды онлайн алу (пилоттық режим), кешенді сараптама жүргізу, компанияларды аккредиттеу және мамандарды аттестаттау, жобалардың ашық тізілімі және мемлекеттік банк модулі мен үлестік құрылыс пен жер ресурстарына қатысты деректерге қол жеткізу.
Сонымен қатар порталдың маңызды бөлігі - BIM-модуль (Building Information Modeling). Бұл құрал ғимараттың цифрлық моделін жасап, оған қатысты барлық техникалық және экономикалық деректерді бір жерде сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда BIM технологияларын қолданудың нормативтік-құқықтық базасы шоғырланған.