Қазақстан жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен экономикаға енгізуге дайындық деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің ішінде алдыңғы қатарға шықты. Oxford Insights халықаралық талдау орталығы әзірлеген Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде ел 195 мемлекеттің арасында 60-орынды иеленді.
Былтыр Қазақстан 76-орында болатын. Өңірлік кескінде Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу және оны басқару әлеуеті тұрғысынан аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Рейтинг үкіметтердің ЖИ-ді мемлекеттік секторда, экономикада және қоғамдық процестерде қолдану қабілетін, сондай-ақ технологиялардың қауіпсіз әрі жауапты дамуына жағдай жасау деңгейін бағалайды.
«Зерттеу 195 елді қамтиды және мемлекеттердің жасанды интеллект саласындағы рөліне ғана бағытталған бірегей халықаралық рейтинг болып саналады. Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі институционалдық және инфрақұрылымдық базаның нығаюын, сондай-ақ ЖИ-дің мемлекеттік секторда белсенді енгізілуін көрсетеді», делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі таратқан ақпаратта.
Ақпаратта Public Sector Adoption бағыты бойынша ел жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 73,59 балды құрағаны айтылған. Бұл электрондық үкімет сервистерінің жетілуін, мемлекеттік қызметтердің проактивті форматқа көшуін және цифрлық шешімдердің күнделікті басқару тәжірибесіне енуін көрсетеді.
Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарының қатарында телекоммуникациялық және цифрлық инфрақұрылымның дамуы аталады. Интернеттің жоғары деңгейде қолжетімділігі, ұлттық цифрлық платформалардың қалыптасуы және электрондық қызметтердің кең экожүйесі жасанды интеллект технологияларын ұлттық деңгейде енгізуге берік негіз қалыптастырып отыр.
Сонымен қатар Oxford Insights есебінде елдің саяси және басқарушылық дайындығына да ерекше назар аударылған. Стратегиялық құжаттардың қабылдануы, нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуы және жасанды интеллектке институционалдық деңгейде тұрақты көңіл бөлінуі Қазақстанға бұл бағытта ұзақ мерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы рейтинг жаңартылған әдістеме бойынша жасалғанын айта кету керек. Онда мемлекеттің рөлі кеңейтілген форматта қарастырылып, стратегиялық жоспарлау мен реттеуден бастап, ЖИ шешімдерін нақты секторда қолдануға дейінгі барлық кезеңдер қамтылған.
Бұған қоса, зерттеу нәтижелері алдағы басымдықтарды да айқындайды. Қазақстан келесі кезеңде жасанды интеллект экожүйесін коммерцияландыруды жеделдету, технологиялық бизнес пен стартаптарды дамыту, сондай-ақ жеке сектор үшін деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейтуге басымдық беретін болады.
Дереккөз: Жасанды интеллект министрлігі