Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астанада жүргізушісіз такси іске қосылады: Жоба 2026 жылдан басталады
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 29 желтоқсан, 2025 | 17:41
2 мин. - оқу уақыты

Астанада жүргізушісіз такси іске қосылады: Жоба 2026 жылдан басталады

Елоданың көлік экономикасына жаңа технология енгізіледі

Qazaqstan Monitor: Астанада жүргізушісіз такси іске қосылады: Жоба 2026 жылдан басталады

Астанада жүргізушісіз такси қызметін дамытуға бағытталған стратегиялық келісім жасалды. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі, елорда әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясы автономды такси жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат қаладағы көлік жүйесін цифрландырудың жаңа кезеңін бастауға негіз болмақ.

Меморандумға қол қою рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов және Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов қатысты.

Келісім шарттарына сәйкес, жүргізушісіз такси 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен нормативтік-құқықтық және технологиялық талаптар пысықталып, кейін пилоттық режимде тестілеу жүргізіледі. Тек содан кейін ғана сервис толық форматта іске қосылады.

Жоба елорданың ұзақмерзімді көлік саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, автономды көлік технологиялары адам факторын азайту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге, трафикті тиімді басқаруға және қала тұрғындарының түрлі санаттары үшін, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, жобаны іске асыруда қауіпсіздік пен құқықтық айқындық негізгі басымдықтардың бірі болады. «Автономды такси - технологиялар адам игілігіне қызмет ететін «ақылды қала» экожүйесінің бір бөлігі», - деді ол.

Yandex Qazaqstan компаниясы жобаны пилоттық режимнен бастап, нақты қалалық ортада сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

«Сервисте диспетчерлік қызметпен тәулік бойғы байланыс және сапарларды сақтандыру қарастырылған. Жүргізушісіз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллектіні, жол жағдайын үздіксіз бақылауды және қауіпсіз әрекет ету сценарийлерін қамтитын автономды жүргізудің сынақтан өткен тәсілдеріне негізделеді. Тәжірибе жинақталып, жұмыстың тұрақтылығы расталған сайын қызмет ауқымы кеңейеді», - деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов.

Компания өкілдерінің мәліметінше, тестілеу нәтижелері оң болған жағдайда және технологияның тұрақтылығы дәлелденсе, қызмет көрсету ауқымы біртіндеп кеңейтіледі.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын қысқа мерзімде толық іске қосуды тапсырған болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіне озық цифрлық шешімдерді енгізу барысында Жапония тәжірибесіне сүйену маңызды екенін айтты.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.