Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Тоқаев мемлекеттік басқаруда Жапонияның цифрлық моделіне назар аударуды ұсынды

Тоқаев мемлекеттік басқаруда Жапонияның цифрлық моделіне назар аударуды ұсынды

Президент Астанада Smart City жобасын жедел аяқтауды тапсырды

QazMonitor Logo
Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне озық цифрлық шешімдерді енгізу барысында Жапония тәжірибесіне сүйену маңызды екенін атап өтті.  Президент  Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын айтты. 

«Жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек. Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық. Токиодағы Smart City жобасымен таныстық. Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу мемлекеттік басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы елорда әкіміне Астанада қолға алынған Smart City жобасын қысқа мерзімде толық іске қосуды тапсырды. Оның айтуынша, жоба аясында Жедел басқару орталығы жұмысын бастайды. Бұл орталықта қаладағы бейнебақылау жүйелері мен бірқатар цифрлық сервистер бір жерден басқарылатын болады.

«Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды. Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді Президент.

Сонымен қатар платформаны толық іске қосу үшін деректерді талдау орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да пайдалана алады.

«Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады», деді Мемлекет басшысы.

Президент «Заң және тәртіп» қағидаты нақты іске асуы тиіс екенін атап өтіп, Smart City платформаларын еліміздің басқа қалаларында да енгізу қажеттігін айтты.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.