Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, діни сұрақтарға жедел жауап беретін «Imam AI» мобильді қосымшасын іске қоспақ, деп хабарлайды QazMonitor.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни саланы жүйелі түрде цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, жасанды интеллекттің әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл бастама халыққа сапалы әрі қолжетімді діни қызмет көрсетуді көздейді.
«Заман талабына сай біз де жасанды интеллект мүмкіндіктерін діни салада жүйелі түрде енгізуді қолға алуымыз қажет. Бұл, ең алдымен, халықтың діни сұрақтарына жедел әрі сенімді жауап беруге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға жол ашады», деді бас мүфти.
Оның сөзінше қосымша ҚМДБ бекіткен, ресми әрі сенімді дереккөздерге сүйеніп жұмыс істейді. Бұл теріс ақпараттың таралуына тосқауыл қояды. Модельді қолданушылар діни сұрақтарға жылдам жауап ала алады.