Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы ынтымақтастық келісімі аясында 2026-2027 оқу жылына Қытай үкіметі мемлекеттік стипендия бойынша оқу үшін 73 білім грантын ұсынады, деп хабарлайды QazMonitor.
Аталған гранттар бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша берілетін болады.
Стипендия келесі шығындарды толық өтейді: тегін оқу, ай сайынғы стипендия, медициналық сақтандыру және жатақханада тұру. Қалған жеке шығындар грант иегерінің есебінен төленеді. Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 21 қаңтардан 10 ақпанға дейін жүргізіледі.
Грантқа қатысу үшін үміткерлер Қытай стипендиялық кеңесінің ресми сайтында өтініш беруге болады.
2026 жылдан бастап ҚХР-дың жоғары оқу орындарында бакалавр бағдарламасына түсуге үміткер барлық шетелдік талапкерлер академиялық дайындық тестінен (CSCA) өтуі тиіс. Дегенмен құжаттарды қабылдау кезеңінде осы тест нәтижесін ұсыну талап етілмейді – тест нәтижесі тек конкурстық іріктеуден өткеннен кейін тапсырылады.