Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Мемлекет басшысы 9 қаңтарда қол қойған құжат құрылыс саласын заманауи талаптарға бейімдеуді, ашықтықты арттыруды және қауіпсіздік стандарттарын күшейтуді көздейді, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес, бұдан былай құрылыс саласын бірқатар өзгерістер күтіп күтіп тұр.
Қала құрылысы жобалары міндетті сараптамадан өтеді
Енді Қазақстанда әзірленетін немесе түзетілетін барлық қала құрылысы жобалары, оның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ) міндетті түрде сараптамадан өтеді.
Бұл қателіктер жобаның бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.
Құжаттарды «қолмен түзету» мен сыбайлас жемқорлық тәуекелі азаяды.
Қала құрылысы шешімдерінің ашықтығы артады.
Сонымен қатар ЕЖЖ-ге өзгеріс енгізуге екі жылда бір реттен артық рұқсат берілмейді. Бұл қала жоспарларын жиі әрі негізсіз өзгертуді шектеуге бағытталған.
Қала құрылысы кадастры толық цифрландырылады
Құрылыс процестерін бақылау үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіледі.
Осылайша қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтін жобаларға бастапқы-рұқсат беру құжаттары берілмейді.
Әрбір құрылыс нысанына бірегей нөмір тағайындалады.
Құрылыс барысы барлық кезеңде цифрлық түрде бақыланады.
Бұл жүйе құрылыс салудағы «көрінбейтін» тәуекелдерді азайтып, деректердің ашық болуын қамтамасыз етеді.
Сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтіледі
Жаңа Құрылыс кодексі сейсмикалық қауіпті өңірлерге ерекше назар аударады. Енді бұл талаптар міндетті норма ретінде бекітіледі.
Негізгі жаңашылдықтар:
- жобалау кезінде сейсмооқшаулау жүйелерін қолдану;
- құрылыс барысында сейсмикалық тәуекелді тұрақты бағалау;
- ғимараттардың сейсмотөзімділігіне міндетті сынақтар;
- сейсмикалық қауіпті өңірлердегі тұрғын және қоғамдық ғимараттарды паспортизациялау;
- аса жауапты объектілерге инженерлік-сейсмометриялық станциялар орнату;
- құрылыс салуға арналған ең қауіпсіз алаңдарды таңдау.
Бұл талаптар адам өмірі мен инфрақұрылым қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Лицензиясы бар компаниялардың электрондық тізілімі жасалады
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жұмыс істейтін барлық қатысушылар электрондық лицензиаттар тізіліміне енгізіледі. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі.
Нәтижесінде жалған немесе талапқа сай емес компаниялар нарықтан ығыстырылады;
Лицензия талаптары автоматты түрде тексеріледі;
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмендейді.
Сонымен қатар 2028 жылдан бастап сала инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл функция бәсекелі ортаға берілмек.
Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады
Құрылыс саласындағы техникалық нормаларды әзірлеу және жаңарту үшін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады.
Институт құрылыс нормаларын ғылыми тұрғыда зерттейді, халықаралық стандарттармен үйлестіреді және салалар бойынша техникалық комитеттер құрады (сәулет, көлік, су, құбыр, құрылымдар және т.б.).
Бұл құрылыс саласындағы талаптарды жүйелеуге және сапаны арттыруға бағытталған.
Құрылысқа бақылау күшейеді, жауапкершілік артады
Жаңа кодекс аясында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) күшейтіледі.
Енді бақылау құрылыс басталған сәттен пайдалануға берілгенге дейін жүргізіледі. Жоспарлы инспекциялар енгізіліп, камералдық, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін қашықтан бақылау қолданылады. Сондай-ақ заңсыз құрылыстар бойынша әділет органдарына міндетті түрде хабар беріледі.
Сонымен қатар нысанды пайдалануға қабылдау кезінде МСҚБ мен төтенше жағдайлар органдары да қатысады.
Осылайша, жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласын қатаң бақылауға алып, цифрландыруды тереңдетуді, қауіпсіздікті күшейтуді және нарықтағы тәртіпті арттыруды көздейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, нәтижесінде қала құрылысы шешімдері ашық әрі болжамды болып, құрылыс сапасына қойылатын талаптар жоғарылайды.