Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Экономикадағы мемлекеттің үлесі 50%: Депутат жекешелендіруге «шокты терапия» ұсынды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 28 қаңтар, 2026 | 13:36
2 мин. - оқу уақыты

Экономикадағы мемлекеттің үлесі 50%: Депутат жекешелендіруге «шокты терапия» ұсынды

Мемлекет пиар мен клинингте не істеп жүр? Депутат жекешелендірудің баяу жүріп жатқанын сынға алды

gov.kz
gov.kz

Қазақстанда экономиканы мемлекет иелігінен шығару қарқыны ресми мәлімдемелерге қарағанда әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айтуар Қошмамбетов Үкіметтің квазимемлекеттік секторды қысқарту саясатын сынап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды QazMonitor.

Депутаттың дерегінше, 2014 жылдан бері мемлекеттік меншіктің үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне - шамамен 15%-ға дейін төмендету мақсаты қойылған. Үкімет 2024 жылы бұл көрсеткішке қол жеткізілгенін мәлімдегенімен, халықаралық сараптамада қолданылатын кеңейтілген методология бойынша мемлекеттік компаниялар активтері, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері, ЖІӨ-нің шамамен 50%-ын құрап отыр.

Сонымен қатар ол Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджет бойынша есебіне сәйкес, квазимемлекеттік сектордың 320 субъектісіне салынған бюджеттік инвестициялар көлемі 28,7 триллион теңгені құрағанын атап өтті. Бұл бір жылдық емес, мемлекет тарапынан барлық өткен жылдардағы жинақталған салымдар.

Алайда, депутаттың айтуынша, бұл қаражаттың тиімділігіне, қайтарымдылығына және әлеуметтік-экономикалық әсеріне кешенді әрі жүйелі бағалау жүргізілмеген.

Сондай-ақ ол мемлекет клинингтен IT-ге дейін бизнеспен бәсекеге түсіп отырғанына назар аударды. Бүгінде Қазақстанда 21 мыңнан астам коммуналдық және 3,5 мыңнан астам республикалық мемлекеттік заңды тұлға бар.

Депутат бюджет тапшылығы мен фискалдық қысым жағдайында жекешелендіру тиімділікті арттырудың негізгі құралдарының бірі екенін атап өтті. Алайда, осы уақытқа дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындарды ұстауға кететін шығындарға - еңбекақы төлеу қоры, коммуналдық қызметтер, ағымдағы шығыстарға кешенді баға берілмеген.

Ал бұл деректерсіз мемлекетке түсетін нақты фискалдық жүктемені объективті бағалау мүмкін емес, деп есептейді депутат.

Айтуар Қошмамбетов Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президенттің мемлекеттік жүк әуе компаниясын құру идеясын сынға алғанын еске салды. Мемлекет басшысы бұл бағытты жеке секторға беруді қарастыруды тапсырған болатын.

Осыған байланысты ол Үкіметтен экономиканы либерализациялау туралы Президент Жарлығы мен жекешелендіру жол карталарының орындалуы бойынша толық есеп беруді, жекешелендіруден ұзақ уақыт бойы «тұрып қалған» нысандар бойынша шешім қабылдауды және Yellow Pages қағидаты негізінде мемлекет пен бизнестің бәсекелестігін жоятын 413 қызмет түрінің тізбесін қайта қарауды талап етіп депутаттық сауал жолдады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.