Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Бюрократия жиі орын алатын өңірлер анықталды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 қаңтар, 2026 | 14:52
2 мин. - оқу уақыты

Бюрократия жиі орын алатын өңірлер анықталды

2025 жылы 12,7 мың адам қатысқан зерттеу нәтижесі бойынша тұрғындар ең көп кедергіге Астана мен Қостанай облысында тап болған

Freepik
Freepik

Зерттеу қорытындысы бойынша 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында мемлекеттік қызмет алу кезінде бюрократиялық кедергілерге 4,5% респондент тап болған, деп хабарлайды QazMonitor. Жеке тұлғалар арасында бұл көрсеткіш – 3,1%, заңды тұлғаларда 11,9% болды.

Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында – 10%  тіркелді. Қостанай облысында 9,4%, Алматыда 9,3% адам бюрократиямен бетпе-бет келген.

Керісінше, бюрократия ең аз тараған өңірлер қатарында Шымкент (1,4%), Солтүстік Қазақстан облысы (1,7%), Ақмола және Павлодар облыстары (әрқайсысы 1,9%) бар. Абай және Батыс Қазақстан облыстарында да бұл көрсеткіш 5%-дан төмен.

Бюрократияның ең көп тараған түрі – мерзімдерді ұзарту. Бұған бюрократиялық кедергілерге ұшырағандардың 47,4%-ы тап болған. Кейбір адамдар бірнеше мекемеге барып құжат жинауға мәжбүр болған, бұл туралы сауалнамаға қатысқандардың 32,1% айтқан. Сондай-ақ 25,9%-ы қызмет көрсетуден бас тарту немесе құжатты қайтару фактілерін атаған. Қызмет көрсетіп жатқан кезде қосымша құжат сұрау 16% жағдайда болған.

Зерттеуде денсаулық сақтау мен білім беру салалары ең проблемалы болып шықты. Медицина ұйымдарында қосымша құжат сұрау 29,8%, мерзім ұзарту 49,1%, бас тарту 28,9% көрсеткен. Білім беру саласында қызмет көрсету мерзімінің ұзарғанын 60%, бас тарту фактісін 40% адам айтқан. Ал жоғары оқу орындарына түсу кезінде бюрократия туралы шағым түспеген.

Әлеуметтік салада да бюрократия көп байқалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында мерзім ұзарту 64,6% респондентке кездескен. Бұл көбінесе көпбалалы отбасыға немесе көпбалалы анаға арналған жәрдемақыны уақытында рәсімдей алмауға байланысты.

Салалар арасында айырмашылықтар бар. Ауыл шаруашылығында құжат жасаудан бас тарту дерегі жоқ, бірақ құжат жинау үшін бірнеше мекемеге бару 75% жағдайда болған. Қаржы саласында мерзім ұзарту 58,8%, бас тарту 29,4% көрсетілген. Бұл салада төлем ұйымдарын тізбеге енгізу және бақылау-кассалық машиналарды есепке қою кезінде бюрократия байқалған.

Құрылыс және өнеркәсіп салаларында да бюрократия проблемасы сақталған. Мұнда 50%-ы бас тарту немесе құжатты қайтару фактісін атаған. Мерзім ұзарту мен бірнеше мекемеге бару әрбір төртінші респондентте болған.

Зерттеуде кейбір мемлекеттік қызметтерде бюрократия өте жоғары екені анықталған. Ойын автоматтарына лицензия беру және тау-кен компанияларына рұқсат беру қызметтерінде 100% респондент бюрократияны атап өткен. Сондай-ақ көлік түрлерін тіркеу (32,3%) және төлем ұйымдарын тізбеге енгізу (33,3%) кезінде де бюрократия көп болған.

Көпбалалы отбасыға жәрдемақы рәсімдеу (12,7%) және алғашқы рет төлқұжат немесе жеке куәлік алу (19,4%) кезінде орташа деңгейде бюрократия байқалған.

Кейбір қызметтерде бюрократия аз кездеседі. Дәрі-дәрмек беру қызметінде 8%, мүгедектерге протез алу кезінде 4,8%, емханаға тіркелу кезінде 3,1% адам бюрократияға тап болған. Қалған қызметтер бойынша бұл көрсеткіш 3%-дан төмен.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.