Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан сиыр, қой, жылқы еттері және жұмыртқамен толық қамтамасыз етілді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 03 ақпан, 2026 | 10:57
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстан сиыр, қой, жылқы еттері және жұмыртқамен толық қамтамасыз етілді

Ет экспорты бір жылда 25%-ға жуық өсіп, 2029 жылға қарай сүт пен құс еті бойынша импорттан толық бас тарту көзделіп отыр

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Былтыр Қазақстанда мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,3%-ға артып, 3,8 трлн теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,3 трлн теңге деңгейінде болған, деп хабарлайды QazMonitor.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, мал басының барлық негізгі түрлері бойынша өсім тіркелді. Ірі қара саны 2,4%-ға артып, 8,2 млн басқа жетті. Қой мен ешкі басы 20,6 млн (+1,6%), жылқы – 4,6 млн (+5,6%), түйе – 294 мың (+4,8%), ал құс саны 48,6 млн басқа дейін ұлғайды (+6,9%).

Өндірістік көрсеткіштер де оң динамика көрсетіп отыр. Жалпы ет өндірісі 2,7%-ға өсіп, 1,2 млн тоннаны құрады. Сиыр сүтін өндіру көлемі 5%-ға артып, 3,6 млн тоннадан 3,8 млн тоннаға жетті. Тауық жұмыртқасын өндіру 2,4%-ға өсіп, 4,6 млрд данаға дейін артты.

Сүт өндірісін ұлғайту мақсатында 2023 жылдан бастап жылдық 2,5% мөлшерлемемен сүт-тауарлы фермаларын салуға арналған жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы іске асырылып жатыр. Егер 2019 жылы елде 19 заманауи сүт-тауарлы фермасы ғана болса, бүгінде олардың саны 100-ден асты. Олардың жиынтық қуаты жылына 500 мың тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда 118 жобаны іске асыру жоспарланған, бұл сүт өндірісін қосымша 615 мың тоннаға арттырып, жалпы көлемін екі есеге жуық ұлғайтуға жол ашады.

Құс еті бойынша импортты алмастыру жаңа құс фабрикаларын іске қосу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту есебінен жүзеге асырылып отыр. Соңғы бес жылда инвестициялық жобалардың нәтижесінде құс еті өндірісі 157%-ға өсіп, 2020 жылғы 236,5 мың тоннадан 2025 жылы 371,7 мың тоннаға жетті. Алдағы үш жылда жиынтық қуаты 241,3 мың тоннаны құрайтын тағы үш ірі жобаны іске қосу жоспарланған.

Нәтижесінде 2029 жылға қарай сүт өнімдері мен құс еті бойынша ішкі нарықты отандық өндіріс толық қамтамасыз етіп, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған vал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Құжатта жылдық 5-6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу, «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетіктері, селекциялық жұмысты дамыту, жемшөп базасын нығайту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және экспорттық нарықтарды кеңейту секілді жаңа қолдау құралдары көзделген.

Кешенді жоспарды іске асыру 2030 жылға қарай ірі қара мал санын 12 млн басқа, қой санын 28 млн басқа дейін жеткізуге, ет өндірісін 1,8 млн тоннаға, сүт өндірісін 4,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, ал ет экспортының көлемін екі есеге арттырып, 165 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.