Қазақстанда «шығыс медицинасы», «иглотерапия» және «мануалды терапия» деген атпен тамыр жайған орталықтардың жұмысы мәжілісте көтерілді. Депутат Аманжол Әлтай Үкіметке жолдаған сауалында халықтың денсаулығын саудаға салған емшілердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды QazMonitor.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта азаматтардан медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар жиілеген. Көптеген орталықтар тиісті біліктіліксіз жұмыс істеп, санитарлық талаптарды сақтамайды, ал тексерістен жалтару үшін «көшпелі» әдісті меңгерген.
«Әсіресе, тірегі, тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып, елдің сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей, қалтасын қампайтып алып, кетіп қалып жатады. Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді», деді ол.
Сонымен қатар мәжілісмен Қазақстанда дәстүрлі қытай медицинасы атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі мазмұны жағынан медициналық қызметке жататынын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауды қажет ететінін еске салды.
«Алайда шағымдар көптеген нысандарда бұл талаптардың іс жүзінде орындалмайтындығын көрсетуде. Қызметтің құқықтық мәртебесі көмескі, мамандардың құзыреті мен жауапкершілігі айқын емес, ал кей жағдайларда клиникалық практикаға жіберу тәртібі толық расталмаған шетел азаматтарының ем жүргізу туралы деректер де бар», деп қосты Аманжол Әлтай.
Мәжілісмен пациенттердің өміріне тікелей қауіп төндіретін бірнеше факторды атап көрсетті. Инвазивті (инъекция, ине салу) рәсімдердің стерильдік стандарттарды сақтамай жүргізілуі. Дәрумен немесе биологиялық белсенді қоспа ретінде ұсынылатын, бірақ ресми тіркеуден өтпеген препараттардың қолданылуы. Онлайн кеңістікте ауыр диагноздарды (рак, паралич т.б.) емдеп жазамыз деп халықты жаңылыстыру.
Аманжол Әлтай бұл салаға қатаң бақылау орнату үшін Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады:
Шығыс медицинасы қызметтерін заң жүзінде шектеп, ресми түсіндірме беру.
Инемен емдеу және өзге де инвазивті процедуралар жүргізетін орталықтарды жіті тексеру.
Қазақстанда ем жүргізетін шетелдік мамандардың біліктілігін көрсететін ашық цифрлық база құру.
Әлеуметтік желідегі заңсыз жарнама мен тіркелмеген дәрілерді бақылауды күшейту.
Халыққа клиниканың лицензиясын өз бетінше тексеру жолдарын үйрету.