Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері мектептегі білім сапасы мен абитуриенттердің дайындығындағы айтарлықтай олқылықтарды көрсеткен. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 210 мыңнан астам қатысушының 24%-ы шекті баллды жинай алмаған, ал орташа көрсеткіш небәрі 69 баллды құраған, деп хабарлайды QazMonitor.
Оның сөзінше, тестілеудің нәтижелері көңіл көншітпейді: қатысушылардың тек 76%-ы (161 мың адам) шекті балл жинаған. Түлектердің 24%-ы ең төменгі талаптарды орындай алмаған, ал орташа көрсеткіш мүмкін болған 140 баллдың ішінен небәрі 69 баллды құрады. Сондай-ақ тестілеу кезінде 711 заң бұзушылық тіркеліп, кінәлілердің нәтижелері жойылды.
Депутат мектептердегі дайындық деңгейінің нашарлығы отбасылық бюджетке тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті.
«Мектептерде сапалы дайындықтың болмауы жағдайында ата-аналар жеке репетиторлар мен коммерциялық білім беру орталықтарының қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл отбасыларға, әсіресе қосымша сабақтардың ақысын төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға айтарлықтай қосымша қаржылық жүктеме түсіреді», деді ол өзінің депутаттық сауалында.
Магеррамовтың айтуынша, бұл жағдай балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңсіз етіп, білім алудың қолжетімділік қағидасына нұқсан келтіреді.
«Бұл білім беру жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіреді және мыңдаған түлектердің болашағына кері әсерін тигізеді. Мемлекет қазақстандық мектептердің барлық түлектері үшін мектеп жүйесінің өзінде ҰБТ-ға тең және әділ дайындық жағдайларын қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойнына алуға тиіс», деді депутат.
Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін депутаттық фракция Үкіметке бірқатар шараларды ұсынды. Атап айтқанда мектептегі қорытынды емтихандар мен ҰБТ нәтижелері арасындағы алшақтықтың себебін анықтау. Тест симуляторлары мен виртуалды менторлары бар ресми мемлекеттік онлайн платформаны іске қосу. Жыл сайын өңірлер мен мектеп түрлері бойынша қателерді талдайтын егжей-тегжейлі есеп жариялау.