Алматы қаласында Almaty Theatre сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұйымдастыруымен көрнекті дирижер, күйші және оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергеннің жеке шығармашылық концерті өтті, деп хабарлайды QazMonitor.
Концертке арнайы қонақ ретінде Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген қатысты. Олар бір сахнада өнер көрсетіп, жан тебірентер күйлерді бірге орындады.
Кеш барысында Құрманғазының төкпе күйлері мен Тәттімбеттің шертпе дәстүрі тың интерпретацияда ұсынылды. Абылай Тілепбергеннің жеке орындауындағы және ұлттық оркестрмен бірлескен шығармалары көрерменнің зор қошеметін алды. Концертте ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енген таңдаулы күйлер мен оркестрлік өңдеудегі туындылар ерекше жаңаша стильде орындалды.
Сонымен қатар іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Ренат Гайсин, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солистері, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі әртістері және домбырашылар тобы өнер көрсетті.