Қазақстанның фармацевтикалық нарығында кезекті өзгеріс: Денсаулық сақтау министрлігі танымал жүрек препаратының бір түрін айналымнан алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды QazMonitor.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен Германияда өндірілген «Изоптин®» (Верапамил) препаратының тіркеу куәлігі кері қайтарып алынды.
Аталған бұйрық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 10 және 259-баптарына, сондай-ақ дәрілік заттарды айналымнан алу немесе қолдануды шектеу ережелеріне сәйкес қабылданған.
Тіркеу куәлігін кері қайтарып алу - бұл аталған нақты дозадағы (40 мг) және нақты нөмірлі препараттың Қазақстан аумағында сатылуы мен қолданылуы тоқтатылатынын білдіреді.