Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды, деп хабарлайды QazMonitor СІМ-ге сілтеме жасап.
Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ведомство мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының жалпы саны 12 әуе рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралған.
Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы жүріп жатыр. Министрлік Ирандағы дипломаттар 6 наурызда «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өткен болатын.