Батыс Қазақстан ғалымдары юра дәуіріндегі теңіз рептилиялар зерттеп жатыр.Отандық ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде теңізде тіршілік еткен жойылып кеткен жануарлардың жаңа түрлері анықталып, юра дәуіріндегі мұхиттардағы тіршілік әлемі жан-жақты зерделеніп келеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Жәмилә Якупова – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, білім беру саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келетін ғалым.
Ол Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экология магистрі дәрежесін алған. Сондай-ақ Қазан федералдық университетінің аспирантурасын «Қазақстан Республикасының Батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аумақтарындағы кейінгі юра және ерте бор дәуірі ихтиозаврлары» бағыты бойынша аяқтаған. 2025 жылы Батыс Қазақстан мен оған шекаралас аумақтардағы кейінгі юра және ерте бор дәуірі ихтиозаврларына арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Сонымен қатар ол «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы аясында «Батыс Қазақстандағы қазба теңіз рептилияларының биоалуантүрлілігін зерттеу» жобасын жүзеге асырды. Зерттеу барысында алғаш рет Батыс Қазақстан мен Орта Еділ өңірі аумағындағы теңіз бауырымен жорғалаушылар өкілдеріне, соның ішінде Kazakhstanosaurus және Nannopterygius туыстарына жан-жақты сипаттама берілді. Бұл кейінгі юра дәуіріндегі теңіз экожүйелерінің эволюциясын қайта қалпына келтіруге және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ежелгі теңіздер арасындағы палеобиогеографиялық байланыстарды анықтауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Kazakhstanosaurus туысы үшін типтік орын ретінде танылған әрі халықаралық маңызға ие Щучкино қонысы ерекше ғылыми құндылыққа ие. Жоба аясында морфологиялық және жүйелік зерттеулер жүргізіліп, қазба қалдықтарының цифрлық 3D-модельдері жасалды, деректер базасы қалыптасып, «Батыс Қазақстанның теңіз рептилияларының қазба қалдықтары» атты ғылыми атлас жарық көрді. Аталған атлас бүгінде білім беру үдерісінде және мұражайлар жұмысында қолданылып келеді.