Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Тыңайтқыш өндірісіндегі кедергілер: Неліктен Қазақстан импортқа тәуелді?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 13 мамыр, 2026 | 16:52
2 мин. - оқу уақыты

Тыңайтқыш өндірісіндегі кедергілер: Неліктен Қазақстан импортқа тәуелді?

Депутат нарықты тыңайтқыштармен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру шараларын жариялауды сұрады

Aleksander Dumała/Pexels
Aleksander Dumała/Pexels

Қазақстанда ішкі нарықтың минералды тыңайтқыштарға деген қажеттілігі жылына 2,3 млн тоннаға дейін жетеді. Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров депутаттық сауалында отандық тыңайтқыш өндірушілер ішкі сұраныстың тек бір бөлігін ғана өз қуаттылықтары шегінде қамтамасыз етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның сөзінше «ҚазАзот» кәсіпорнының өндірістік қуаты жылына шамамен 330 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарыққа нақты жеткізілімдер 170 мың тоннамен шектеледі. Ал «Қазфосфат» қуаттылығы 1 млн тоннаға дейін аммофос өндіруге жетеді, бұл ретте 2025 жылдың қорытындысы бойынша 748 мың тонна өндірілді, оның 186 мың тоннасы ішкі нарыққа бағытталса, 500 мың тоннадан астамы экспортталды. 2026 жылдың І тоқсанында ішкі нарыққа 27,8 мың тонна өткізілді.

Осының бәрі минералды тыңайтқыштар импортының өсуіне әкеп соғады: 2023 жылғы 552,3 мың тоннадан 2025 жылы 699,7 мың тоннаға дейін жетті, яғни минералды тыңайтқыштардың барлық түрі бойынша импортқа тәуелділік жылдан жылға артып келеді. Бұл әлемдік бағалардың ықпалын күшейтіп, ішкі нарықтағы өнімнің қолжетімділігіне әсер етеді.

2024-25 жылдардағы тыңайтқыштарды енгізу бойынша кейбір статистикалық мәліметтерді келтіре кеткім келеді: әлемде егістік жердің бір гектарына әсер етуші заттың орташа енгізілуі 150-160 кг құрайды. Соның ішінде Қытай мен Вьетнамда — 350-460 кг/га, Еуроодақта — 140-180 кг/ga, АҚШ пен Бразилияда — 130-150 кг/га, Беларусьте — 180-200 кг/га, Ресейде — 65-70 кг/га, Қазақстанда — 25-35 кг/га, Өзбекстанда — 200 кг/га.

Аталған сыртқы және ішкі факторларға қарамастан, біздің өндірушілер Қазақстанның аграршыларын бағаны айтарлықтай көтермей қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы секторындағы тұрақтылықты қолдап отыр.

Әлемдік бағалардың өсуі, импортқа тәуелділік және шикізат ресурстарымен қамтамасыз етудегі теңгерімсіздік салдарынан ішкі нарықта тыңайтқыштардың қолжетімділігі төмендейді. Бұл ауыл шаруашылығына енгізілетін тыңайтқыштар көлемінің азаюына әкеліп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен агрохимия саласын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, отандық тыңайтқыш өндірушілерді стратегиялық шикізатпен (күкіртпен және табиғи газбен), соның ішінде арнайы бағалармен қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді құру және импорттық минералды тыңайтқыштарды алмастыру үшін ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша ақпарат беруін сұрап сауал жолдады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.