Қазақстанда Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда теңіздің құрғаған аумағында 1 млн 117,5 мың гектар жерге орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілген, деп хабарлайды QazMonitor.
Ведомствоның хабарлауынша, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы аумағы шамамен 6 млн гектарды құрайды. Оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Мамандар теңізді бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес екенін атап өтеді. Сондықтан негізгі міндет – жел арқылы таралатын тұз, шаң және химиялық қалдықтардың көлемін азайту.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің құрғаған табанында 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын.
Министрліктің мәліметінше, 1990-2020 жылдар аралығында Қызылорда облысының орман шаруашылығы мамандары 195 мың гектардан астам қорғаныш орман алқабын құрды. Ал 2021-2025 жылдары жұмыстардың ауқымы бірнеше есе ұлғайып, көгалдандырылған аумақ 1,1 млн гектардан асты. Тек 2026 жылдың өзінде жасыл қор тағы 116 мың гектарға ұлғайған.
Бағдарлама аясында 3,4 мың тоннадан астам сексеуіл және галофит өсімдіктерінің тұқымы себіліп, 53,2 млн көшет отырғызылған.
Министрліктің дерегінше, жасанды орман алқаптары өз тиімділігін көрсете бастаған. Тереңге таралатын сексеуіл тамырлары топырақты жел эрозиясынан қорғайды. Сонымен қатар бұрын тіршілік аз болған аумақтарда жаңа экожүйе қалыптасып, құстар, кеміргіштер мен жабайы жануарлар қайта оралып жатыр. Қазіргі кезде бұл аумақтардан құлан, қарақұйрық және қояндарды кездестіруге болады.
Бұдан бөлек Арал өңіріндегі көгалдандыру жұмыстарын күшейту үшін Қазалы ауданында жылына 3 млн көшет өсіретін ірі питомник салынды. Бұдан бөлек, құрғаған теңіз табанының өзінде көлемі 15 гектар болатын жаңа орман питомнигін құру қолға алынған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Арал орман шаруашылығы базасында аумағы 1,3 млн гектардан асатын «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын құруды жоспарлап отыр. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі жасанды орман алқаптарын сақтауға және өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан 2026 жылы қабылданған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасы аясында жердің тозуы мен шөлейттенуге қарсы күресті күшейтпек. Бағдарлама шеңберінде Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы автожолдар бойында, сондай-ақ Шалқар – Қандыағаш теміржолы маңында қорғаныш орман белдеулерін отырғызу жоспарланған.