Қазақстан жолбарысты оның тарихи таралу аймағына қайтару бағдарламасының негізгі кезеңін бастады. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан әкелінген төрт амур жолбарысы – екі ересек дарақ және жолбарыстың екі төлі жеткізілді, деп хабарлайды QazMonitor.
Жануарлар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, Орталық Азияда ірі жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық ынтымақтастық шеңберінде берілді.
Қайта жерсіндіру бағдарламасы жолбарысты 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен өңірге қайтаруға бағытталған. Қазақстан оны практикалық іске асыруға 2010 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен жолбарысты сақтау жөніндегі форумда қол жеткізілген халықаралық уағдаластықтардан кейін кірісті.
Бағдарламаның ғылыми негізі 2010–2015 жылдары әзірленген Қазақстан Республикасында жолбарысты қайта жерсіндіру тұжырымдамасы болды. Ол қазақстандық және ресейлік мамандардың, сондай-ақ Халықаралық табиғат қорғау одағы сарапшыларының қатысуымен дайындалды.
Қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылардың бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы аумақ ретінде оңтүстік Балқаш өңірі – Іле өзенінің атырауы ауданы және оған іргелес табиғи кешендер айқындалды.
Қазақстанға келгеннен кейін жолбарыстар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы дайындалған қоршауларына орналастырылып, мамандардың бақылауына алынды. Алдағы кезеңде карантин, бейімдеу және жануарлардың жай-күйін кешенді бағалау шаралары көзделген. Табиғи мекендеу ортасына жіберер алдында жолбарыстарға спутниктік қарғыбаулар тағылып, бұл олардың қозғалысын тұрақты бақылауды және мамандардың жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.