Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң қабылданды: Не өзгерді?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 15 маусым, 2026 | 11:39
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң қабылданды: Не өзгерді?

Жемқорлық үшін жауапкершілік мерзімі 3 жылға ұзартылды

Kapital.kz
Kapital.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған заң Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында әзірленді.

Сондай-ақ құжатта Еңбек кодексінде қызметке қабылдау кезеңінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негіздері бекітілді.

Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шаралар қабылдамағаны, сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауы үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілді.

Сонымен қатар тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігінде азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауруханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, банктерде және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарында орын алатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Осы ұйымдардың қызметкерлері тарапынан ірі мөлшерде не қорқытып алу жолымен заңсыз сыйақы алғаны үшін жауаптылық күшейтілді.

Аталған ұйымдардың қызметкерлеріне заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекс заңсыз сыйақы алуға арандатқаны үшін жауаптылықты көздейтін жаңа нормамен толықтырылды.

Бұған қоса, заңдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциялар аражігі ажыратылды: Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды және тергеп-тексеруді жүзеге асырады, ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді.

Қабылданған заңдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған, деп атап өтті агенттікте.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.